Атырау, 9 қазан 21:26
 бұлттыВ Атырау +12
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Айтыста пандемия тақырыбы қозғалды

Сурет Бейнежазба
2 141 просмотра

7 қазан күні Құлсарыда осы елді мекенге қала мәртебесі берілгеніне 20 жыл толуына орай 12 ақын қатысқан «Тұлпар мініп, ту алған» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Ақындар Құлсарының жетістіктері мен кемшін тұстарын жырға қосты.

Құлсарылық Ғалымбек Мұстафа мен махамбеттік Серік Қойшығұлов жеребе бойынша айтыстың алғашқы жұбы болып анықталды. Махамбеттік ақын қарсыласына қаланың жасыл желекке емес, қоқысқа толып жатқаны жөнінде:

...Қазақтар былай тұрсын шетелдіктер,

Нан тауып Теңізіңнен бас бағады.

Осындай қасиетті Құлсарымыз

Қалайша қоқыспенен ластанады?

...Қоқыс қалдық таситын көлік берсін

Әкімдіктің болмаса басқа амалы.

Жасыл желек, жайқалған ағаш ексін

Мұнай сорып жатырған басқалары.

Қонағына қой сойған біздің қазақ

Қолындағы баласы аш қалады.

Қаланың, адамның да мәдениеті

Тәртіп пен тазалықтан басталады.

 

Осы мұнай болмаса нетер едік,

Көрінгенге қол жайып өтер едік.

Пайдасынан зияны көп болып тұр

Дегенмен байқуатты шекер едік.

Жасыл желек жайында әңгіме айтқың

Әкімге қабылдансаң жеке келіп.

...Бүгінге жиырма түп тал дайындасаң,

Ақындар демес еді бөтен едік.

Қала тойын бастасақ тал егумен

Халықтың мақсатына жетер едік.

20 жылдық тойына Құлсарының

20 тал отырғызып кетер едік

Өлмейтін айтыс жасап содан кейін

Өлең жырмен суарып кетер едік, деп әзілдеген шабуылына жергілікті ақын Ғалымбек:

Бұл Серік шаш ал десе бас алар кеп,

Ініңе тас атпашы тасадан көп.

Қалаңа тал екпейсің деп тиісіп

Отырсың бір төңкеріс жасаған боп.

Мен талға бас ауыртып жүргенім жоқ

«Жасыл елдің» өзі де жасар-ау деп.

Коронавирус келіп елді қырды

Оған қалай көңілің босаған жоқ.

Жаралы елдің жүрегін тырнай берме

Жүргенге шүкір дейміз бас аман боп.

Қалаға ағаш егу былай тұрсын

Қолымыз көр қазудан босаған жоқ, деп мәселені пандемиямен байланыстыра жауап қайырды.

Басқа да жұптардың айтысы қызықты болды. Қазылар алқасының шешімімен Ғалымбек МҰстафа бас жүлде мен 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Серік Қойшығұлов бірінші орын (150 мың теңге), исатайлық Амангелді Панабердиев екінші орын (80 мың), индерлік Жәнібек Садыров пен осы мақаланың авторы (әрқайсысы 60 мың) үшінші орынды еншіледі. Ал өңіріміздегі ең жас айтыскер Батыржан Қадірбай Салауат Исақаев атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.

Айтыстан соң Құлсары қаласы әкімдігі Серік Қойшығұловтың сахнадағы сынына қатысты 20 тал әзірлеп қойғанын жеткізді. Осылайша барлық айтыскер қолына күрек алып, қаладағы мектептің біріне 20 тал отырғызып тарқасты.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

8 қазан 2021, 16:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.