Атырау, 6 мамыр 21:30
 ашықВ Атырау +9
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Апелляциялық сот «нәрестенің өлімі туралы іс» бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды

1 739 просмотра

29 қыркүйек, сәрсенбіде Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «нәрестенің өлімі туралы іс» бойынша перинаталдық орталықтың сотталған дәрігерлеріне шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Апелляциялық сот қаулысын алқа төрағасы Татти УАЛИЕВА оқыды.

Еске салсақ, бұл істі бірінші сатыдағы сотта (қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында) қарау былтыр мамырда басталып, үкім 2021 жылдың қаңтарында жарияланған болатын. Перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ, акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАН мен акушер Жамиля ҚҰЛБАТЫРОВА алдын ала сөз байласу арқылы жаңа туған нәрестені өлтіруге кінәлі деп танылып, тиісінше 18, 16 және 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал дәрігер-неонатологтар Руслан НҰРМҰХАМБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА қылмыс туралы хабарламағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Сәл кейінірек облыстық соттың баспасөз қызметі өз сайтында Уәлиеваның сөзінен үзінді жариялады. Онда, атап айтқанда, былай делінген: «Сотталушылардың кінәсі бірінші сатыдағы сотта зерттелген дәлелдер жиынтығымен, куәлардың айғақтарымен және сараптамалар қорытындысымен толық расталды.

Қылмыстық іс материалдарына біріктірілген құпия тергеу әрекеттері белгілі болды: телефонмен сөйлесу кезінде Нысанбаев пен Қайыржан нәрестенің өлі туылды деп тіркелгенін, бірақ тірі болып шыққанын, енді не істеу керектігін талқылайды.

Нысанбаев Қайыржанға баланы жансыздандыру үшін оны суға батыруды ұсынады, бірақ әлгі бұл жағдайда мәйітті тексеру кезінде оның өлу себебі білініп қалады деп қарсылық білдіреді. Әрі қарай олар нәрестені мұздатқышқа салу керектігін айтады. Содан кейін Нысанбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің перинаталды орталықта жедел тексеру жүргізіп жатқанын біліп, нәрестені тез арада мұздатқыштан жансақтау бөліміне жеткізуге, яғни қылмысты жасыруға бағытталған әрекеттерді жасауға нұсқау берді.

Қайыржанның Құлбатыроваға баланы мұздатқышқа салу туралы тапсырмасы, босанған әйелге баланың өлі болып туылғанын хабарлау, «Қазмед» дәрігері Туғанбаевқа баланың өлі туылғаны туралы жалған ақпарат беруіне нұсқау беру өлтіру пиғылы болғанын дәлелдейді.

Құлбатырова тірі туған нәрестені мұздатқышқа салғанда оның жабық кеңістікте төменгі температурадан өлетіні сөзсіз екенін білсе де, ол мұны істеді.

Сондай-ақ, Жұмабаева мен Нұрмахамбетовтің Құлбатырованың тірі нәрестеге қасақана өлім әкелгенін біле тұра, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламағаны дәлелденді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, жаңа туған нәрестеге білікті медициналық көмек дер кезінде көрсетілсе, оның өмірін сақтап қалуға болар еді.

Дәрігер-куәгерлер өз айғақтарында жәбірленуші Тұрымбетованы тексеру кезінде ұрықжолдасының ерте бөліну белгілері болмағанын, оның құрсағындағы нәрестенің жүрек соғысы аппаратпен тексерілгенін, оның тұрақты болғанын түсіндірді.

Анықталған мән-жайлар негізінде сот алқасы сотталғандардың қылмыс жасағаны расталды, жаза түрлері мен мерзімі жасаған істеріне сай және заң талаптарымен тағайындалды деген қорытындыға келді.

Қорғаушы тарап алқа қаулысына шағымданбақшы. Қайыржанның адвокаты Бақберген АЙТМАМБЕТОВ апелляциялық сот олардың дәлелдері мен түсіндірмелерін, атап айтқанда, бұл іске нүкте қоюы мүмкін кешенді сот-медициналық сараптаманы қайтадан өткізу туралы өтінішті ескермегенін айтады.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

30 қыркүйек 2021, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.