- Мен «Гате Иншат» түріктің құрылыс компаниясында жұмыс істедім. Жақында осы жұмыстан бірден жеті-сегіз адамды қысқартты. Оның бәрі де қазақ. Ал сырттан келген өзбек ұлттыларды жұмысқа алып қалды. Неге бұлай? Біздің олардан неміз кем?
Аман
«Maximum» адвокаттық кеңсе аға серіктесі Айдос ИБРАЙМОВ:
- ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабына 1-бабының 2-ші тармақшасына сәйкес, қызметкермен еңбек шарты жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда бұзылуы мүмкiн.
Осы Кодекстің 147-бабының 2-бөлімінің талаптарына сәйкес, жұмыс берушi жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға:
1) жұмыс берушi-заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс берушi жеке тұлғаның қызметiн тоқтатуына, қызметкерлер санының немесе штаттың қысқаруына байланысты алдағы уақытта қызметкерлердiң жұмыстан босатылуы туралы, жұмыстан босатылатын қызметкерлердiң лауазымдары мен кәсiптерiн, мамандықтарын, бiлiктiлiгi мен еңбекақысының мөлшерiн көрсете отырып, босатылуы мүмкiн қызметкерлердiң саны мен санаттары туралы және олардың босатылатын мерзiмдерi туралы жұмыстан босату басталардан кемiнде екi ай бұрын ақпарат беруге мiндеттi.
Осы талап ҚР «Халықты жұмыспен қамту» заңының 9-бабының 2-ші бөлігінде көзделген.
Егер жұмыс беруші құзіретті органдарға алдын-ала хабарламай, жұмысшылардың штатын қысқартып, сол босатылған орындарға басқа адамдарды жұмысшы ретінде алатын болса, онда ол заңсыз болып есептеледі және сотқа жүгініп, қайтадан жұмысқа қабылдануыңызға толық құқығыңыз бар.
Сонымен қатар, ҚР Конституциясының 14-бабының 2-ші бөлігінде тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша, ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды деп көрсетілген.
Яғни, сізді қазақ екен деп жұмыстан шығарып, өзбек ұлтының азаматын ұлтына сәйкес жұмысқа қабылдаған болса, бұл жұмыс берушінің заңсыз әрекеті.
Дайындаған Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ