Атырау, 23 қараша 02:38
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Рафаэльдің сегізінші нотасы

3 026 просмотра

Бәрі түсінікті: егер баланың атын Рафаэль қойсаң, ол міндетті түрде өз өмірін өнерге арнайды. Әлемдегі осы аттас атақты суретшілер мен әншілерді айтпағанда, өз қаламызда Рафаэль СЛЕКЕНОВ сурет салады, кешке қарай анда-санда Рафаэль СӘРСЕНОВТЫҢ (суретте) саксафонынан шыққан сиқырлы саздары жан тербетеді... Айтпақшы, бұдан 34 жыл бұрын болашақ сазгердің ата-анасы баласына ат қоярда оны дәрігер, заңгер немесе инженер болады деп армандаған екен.

- ... «Егер сен джаз – таңдаулылардың музыкасы, оны түсіну қиын деп ойласаң, сенің джаздан ештеңе түсінбегенің», - деген екен Луи Армстронг.  Саксофоншы әңгімесін осылай бастады. – Сондықтан да мен өз аспабымда барлық адамдар түсінетін сазды ойнауға тырысамын.

- Сахнаға шығып, саксофон ойнай бастағанда барлық қыздар саған сол бойда ғашық болып жатады дейді. Бұл рас па?

- Хм... Менің тыңдармандарымның арасында ерлер де, әйелдер де бар. Алайда, саксафон тек әсем әуен шығарып қана қоймайды, бұл - жаныңды жадырататын, керемет сезімдерге бөлейтін сиқыр... Саксафон әуенімен билеп жүрген қызыңды шыр айналдыруға да, жай ғана ойға шомып отыруыңа да болады. Ғашық болулары әбден мүмкін, бірақ маған емес, мен ойнаған музыкаға...

- Неге осы саксофонды таңдадың?

- Менің өмірімде бәрі аяқ астынан болады. Жас күнімнен бастап гитарада ойнаумен әуестендім, туған ауылым Ганюшкино көшелерінде «Кино» тобының саздарын шерттім. Мектепті бітірген соң, осы музыка саласында білімімді жалғастыруды ойладым. Мен осылайша оңтүстік қазақстандық музыка колледжіне тап болдым. Маған саксофон ұсынды... Сол кезде маған бұл аспаптың еш ерекшелігі болған жоқ. Ойланып тұрып, «неге ойнамасқа?» деп шештім. Соңынан еш өкінген жоқпын. Содан бастап саксофон – менің мәңгілік өмірім. Кейін, шынын айту керек, менің таңдауыма еш келісе алмаған ата-анамның қалауымен Қазақстан экономика және құқық институтын бітірдім. Заңгер дипломы үйдің бір жерінде жатыр. Мен сазгермін, болды.

- Сіздің репертуарыңызда қандай жанрдағы әуендер бар? Сіз өзіңіз музыка жазасыз ба?  

- Негізінен бұл клубтық музыка. Көбіне мен ди-джейлермен қосылып ойнаймын. Кейде өзім түрлендіріп те жіберем. Иә, бұрын музыка жазған кездерім болды. Қазір де бірдеңелер шығарамын, алайда бұларды жазып алуға, тіпті еске сақтауға уақыт жоқ.

Сахнаға шығамын, микрофонды қосып, қолыма саксымды аламын... Бұл - мен үшін өте аз, бір жағынан өте көп дүние.

 

ЕКЕУГЕ АРНАЛҒАН ВОКЗАЛ

- Тәжірибеңізде ерекше бір есте қалған оқиғалар бар ма?

- Бірде бір жас жігіт маған вокзал перронында ойнауымды өтінді. Сол күні ренжісіп қалған сүйген қызы келуі керек екен. Мен асығыс әрлі-берлі шапқан адамдардың ортасында, сүйемелдеусіз, сәйкесінше, акустикасыз қалай ойнайтынымды елестете де алмаған едім. Алайда оның ҮЛКЕН өтінішінен кейін, келіспеуім мүмкін болмады. Біз кездесіп, вокзалға бардық, керек пойызды күтіп алдық... Оның белгісімен мен өте нәзік әуенді ойнай жөнелдім. ... Қыз перронға аяқ басып, қарсы алдында гүл шоғымен тұрған жігітті көріп, ренішінің бәрін ұмытты. Олар бірнеше минут өткен-кеткендерге назар аудармастан, сүйісіп тұрды. Ал мен саксофон ойнап тұрмын.

Менің тағы бір клиентім анасына сыйлық жасағысы келді. Оған осы бақытты жанның ең жақын достары мен туыстары қосылды. Сағат дәл 24.00-де көшеде жүрек бейнесінде майшамдар жанды. Мен осы үлкен компанияның басында тұрып, үй иесі есік алдына шыққанда, ойнай бастадым. Сол уақытта барлығы оны туған күнімен құттықтады. Ал ол өз жақындары мен әдемі гүлдердің арасында бақыт  құшағына бөленіп, күле берді...

Адамдардың осындай бақытты сәттеріне өзіңнің бір қатысың бар екенін сезіну керемет қой. Мен мұны сөзбен жеткізе де алмаймын... Бұл - менің сегізінші нотам!

Өз орындауларымнан кейін мен тыңдаушыларыма тағы бір әуенді кезекті рет орындауға мүмкіндік бергендері үшін әрқашан рахмет айтамын.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

7 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.