Атырау, 19 наурыз 13:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Халық санағы: мемлекеттік тіл, пандемия және инклюзия туралы сұрақтар бар

1 414 просмотра

Қазақстанда қыркүйектің 1-і мен қазанның 30-ы аралығында жалпыұлттық халық санағы жүріп жатыр. Биылғы санақтың бұрынғыдан өзгешелігін «АЖ» тілшісі анықтап көрді.

Өткен аптада қазақстандықтар sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн түрде тіркелуге болатыны немесе интервьюер (сұхбат алушы) мекенжай бойынша үй-үйді аралап, сауалдар қоятыны туралы хабарлама келді.

Мен онлайн нұсқасын таңдап, сайтқа кіріп, сандаған сауалдарға жауап беруді ұйғардым. Таныстарым онлайн өтуге 15-30 минут кеткенін айтты. Ал мен бір сағаттай уақыт жұмсадым. Адамның экономикалық-әлеуметтік, тұрмыстық әл-ахуалы, соның ішінде тұрғын үй-жайы, тіл білімі, шетелде тұруға қызығушылығы, табыс мөлшері, пандемияның кесірінен кіріс деңгейі өзгерді ме, коронавируспен ауырдыңыз ба, оған қарсы екпе алдыңыз ба деген сияқты тағы да басқа сауалдар бар.

Онлайн-сауалнама аяқталғаннан кейін респондентке ұялы нөмірге немесе электронды поштаға келген хабарламаны үй-үйді аралап келген интервьюерлерге көрсету керек.

Облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Нұржан НҰРҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, бүгінде қағазбастылықтан арылу үшін арнайы sanaq.gov.kz сайты іске қосылып, халық санағы толық цифрландыруға көшкен. Бұдан бөлек, е-gov.kz немесе Aitu мобильдік қосымшасы арқылы да онлайн санақтан өтуге болады.

- Сауалдарға жауап берудің еш қиындығы жоқ. Бұл сауалнама негізінен 2009 жылғы халық санағында да болды, тек тіл білімі, көру, есту, қозғалу қабілеті, пандемияға қатысты, оның қалай әсер еткенін және вакцина алған-алмағанын білу үшін сұрақтар қосылған, - дейді Нұрғалиев.

Ол бұл сауалнаманың БҰҰ халықаралық ұйымдардың статистика саласындағы санақ парақтары, Ұлттық бюро статистикасымен бектілген және меморгандардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылғанын атап өтті.

- Халық санағынан өткізудің екінші әдісі – интервьюерлердің мекенжайларды аралап, сауалнама жүргізуі. Бұл халық санағы кезінде уақытша жұмысқа қабылданатын адамдар. Олардың ерекше атрибуттары - нөмірі бар арнайы куәлік, департамент басшысының аты-жөні мен қолы және мөрімен расталады. Интервьюерлерде санақ логотипі бар көк түсті портфелі, көк түсті шарфы және санақ учаскелеріне бөлінген әр елдімекен мекенжайлары енгізілген планшеті болады, - дейді Нұрғалиев.

20 қыркүйекте облыс әкімдігінде халық санағы мәселесі бойынша кеңес өтті. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы Ғаля МҰХАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, 7-13 қыркүйекте онлайн режимінде жүргізілетін халық санағының артықшылықтарын түсіндіру мақсатында Статистика департаментінің мамандары 30-дан астам ірі кәсіпорындардың, мекемелердің ұжымдарымен кездесу өткізіп, онлайн-санақ бойынша тәжірибелік көмек көрсеткен.

 - 2021 жылғы 18 қыркүйектегі мәлімет бойынша онлайн режимінде 145 089 адам санақтан өтті, бұл облыс халқының 21,9% құрайды, - дейді Мұханғалиева.

Статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 1 тамызындағы ахуал бойынша Атырау облысы тұрғындарының саны 663 990 адам болған (жыл басында 657 110 болды): оның ішінде облыс орталығында - 361 189, аудандарда - 302 801 адам.

 Айнұр САПАРОВА

21 қыркүйек 2021, 11:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.