Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің бойына қоныстанған ауыл тұрғындары жаз мезгілдерінде сасыған су ішуге мәжбүр.
- Суды қайнатсақ та, иісі сасып тұрады. Осы суға жуынсақ, үстімізден жағымсыз иіс шығады. Не үшін судың иістеніп кеткенін бізге ешкім айтпады. Қазір дүкеннен су сатып алып отырмыз, бірақ бұлай қашанға дейін жалғаса береді? - дейді Хиуаз ауылының тұрғыны Ләззат БОРАШЕВА.
- Жаз бойы шыдап келеміз, тіпті шәй ішуден қалдық. Тұрғындардың жағдайын ойлап, шара қабылдау керек қой, - дейді тұрғын Гүлшара МҰСАҒАЛИЕВА.
Тұрғындардың айтуынша, сасық иіс өткен жылы да шыққан. Бірақ кейін күн суытқан кезде су бұрынғы қалпына келген.
Құрманғазы ауданында Қиғаш пен Шора өзендерінің бойында суды заласыздандырып, тұрғындарға жеткізетін 23 су стансасы бар. Бір станса күніне 200 тоннаға жуық суды тазалайды. Алайда қанша сүзгіден өткізсе де, судың иісі кетпейді.
- Су стансаларда тазартылып, залалсыздандырылады. Бірақ неге екені түсініксіз, иісі кетпей тұр, - дейді су тазалау стансасының операторы Асылбек ТАСИМОВ.
Жақында судан сынама алынды. Оның қорытындысы бойынша өзенде балдыр көбейген. Тазаланған судың иісін шығарып тұрған сол ма - ол жағы белгісіз. Бірақ аудандық әкімдіктегілер су ішуге жарамды деп сендіреді.
- Судың ерте қайтып кетуіне байланысты, балдыр көбейген. Балдырдан осындай жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Бірақ судан адамның денсаулығына зиян келмейді, - дейді Жаңаталап ауылының әкімі Олжас ТӘЖІБАЕВ.
Су қашан тазарып, бұрынғы қалпына келетіні белгісіз. Әзірше тұрғындарға дүкеннен су алып тұтынуға тура келеді.
Фархат ӘБІЛОВ
Коллажды жасаған Еламан НУХИН