
Қазақстандықтар шетелде сатып алған тауарлары мен қызметтерінің ақысын QR-код арқылы өздерінің күнделікті қолданып жүрген банк қосымшалары арқылы төлей алады. Ұлттық банк отандық банкаралық төлем жүйесін басқа елдердегі ұқсас жүйелермен интеграциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, серіктес елдер қатарына Қытай, БАӘ, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Үндістан және Индонезия кірген.
«Қазақстандықтар шетелде сатушының QR-кодын сканерлеу арқылы өздері үйренген банк қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Қазақстанға келген шетелдік азаматтарға да осындай мүмкіндік беріледі», – деді Жәленов.
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан орталық банктері 2026 жылдың соңына дейін ұлттық QR-төлем жүйелерін бірыңғай тетік арқылы интеграциялау мәселесін пысықтауға келісті.
В Атырау +5.1