Атырау, 20 сәуір 09:39
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Құлсары қаласы жаңа мектеппен толықты

PR
3 141 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласында 580 орындық жаңа мектеп ашылды. Мектептің салтанатты ашылу рәсімі 1 қыркүйек – Білім күнімен тұспа-тұс келді. Жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтын оқушылар үшін бұл үлкен қуаныш. Жаңа білім ордасының ғимараты қаладағы мектептердің орын тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймайды. Сонымен бірге, балалардың қолайлы жағдайда білім алуына жол ашпақ. 

Заманға сай үш қабатты мектеп барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Мұнда барлығы 54 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде ұстаздар құрамы мен кеңсе қызметкерлерінің саны – 42, ал асхана және техникалық қызметкерлердің саны – 12.

Аталмыш №6 мектептің құрылысы «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында жүзеге асты. Мектеп құрылысы 2019 жылдың желтоқсан айында басталып, 2021 жылдың шілдесінде аяқталды.

Жаңа мектептің бір ерекшелігі, оқушылар мұнда жалпы оқу бағдарламасы бойынша білім алып қана қоймай, сонымен бірге өздерінің шығармашылық қабілеттерін де дамытуға мүмкіндік алады. Ғимаратта керамика, металл мен ағаш өңдеу шеберханаларына, мата өңдеуге, тамақ дайындауға арнайы орын бөлінген. Бұдан бөлек, асхана, кулинария, спорт, конференц-зал және оқу залдары, сондай-ақ, психолог, дәрігер, химия, физика, биология, тарих, тілдік кабинеттер бар. Әр кабинет барлық керек-жарақтармен толық жабдықталған.

Мектептің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Жылыой ауданының әкімі Халел ЖАМАЛОВ жаңа мектептің қала үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтіп, мұны ТШО-ның ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында сыйлаған сыйы ретінде қабылдайтынын айтты. Оның айтуынша, қала мұндай мектепке көптен зәру болатын.

- Оқушыларды осындай мүмкіндіктерді қолдана отырып, жақсы оқып, белсенді де қайратты, адал және жауапты болуға шақырамын, - деді Жамалов. 

Ал ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған барлық жобалардың шамамен 60 пайызы Жылыой ауданына тиесілі.

- Біз компания ретінде де, қызметкер ретінде де жергілікті қоғамдастықтың ажырамас бөлігіміз. ТШО басшылығы үшін Жылыой ауданы қашан да басты назарда. Өйткені, Теңіз кенішінде жұмыс істейтіндердің басым бөлігі осы жерде тұрады. Біз «Игілік» бағдарламасының кезекті жобасының табысты аяқталғанына және Құлсары қаласы тұрғындарына қызмет ететініне қуаныштымыз. Болашақта осы мектеп түлектерінің табыстарын сіздермен бірге көрейік, - деді Артығалиев.

Бүгінде 63 мыңға жуық тұрғыны бар Құлсары қаласында 13 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істейді.

Кәсіпорынның бес жылдық «Атырау Бонус қоры» бағдарламасын алмастырған «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылымдық бағдарламасы өз жұмысын 1998 жылы бастады. Содан бері «Игілік»бағдарламасының жылдық бюджеті жыл санап өсіп келеді. Мәселен, 2021 жылы 30 миллион АҚШ доллары бөлінді. Қаражаттың негізгі бөлігі балабақша, мектеп және Атырау облысы тұрғындарының игілігіне арналған басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталады. «Игілік» бағдарламасы аясында 130-дан астам жоба жүзеге асырылды.

Құлсарыдағы жаңа мектеп те ел игілігіне жарап, өңірдегі оқушылардың білім сапасын арттыра түсуге сеп болады деген үміттеміз.

9 қыркүйек 2021, 09:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.