Атырау, 23 желтоқсан 06:59
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Таңдайлық ата-аналар нағашысының мүрдесін жарты жыл сақтаған мұғалімнің мектепке оралуына қарсы шықты

Сурет Бейнежазба
2 848 просмотра

7 қыркүйекте 40-шақты тұрғын Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылындағы Қ. Ахмедияров атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімінің білім ошағына оралуына қарсылық білдірген болатын. Мектептің алдына жиналған көпшілік нағашысының мүрдесін үйінде себепсіз алты айдан астам жасырын сақтап қойған мұғалімнің өрескел қимылынан шошып, балаларын сабаққа жіберуге қорқып қалған көрінеді.

Алақандай ауылды дүр сілкіндіріп, үрей туғызған бұл жайт өткен жылы орын алған. 82 жастағы нағашысының мүрдесі қаңтарда табылды. Нағашысы өлгеннен кейін оны жерлеудің орнына мүрдесін ұзақ уақыт ауладағы қорада сақтап, туысқандарға Қызылордаға, не басқа жаққа кетіп қалды деген екен. Тергеу басталған кезде ол уақытша жұмысынан шеттетілді, бірақ кейін полиция оның әрекетінен қылмыстық құрам анықтаған жоқ. Жазда ол ауылдан кетеді дегенді естіген халық бейқам отырды. Енді жаңа оқу жылы басталғанда  ол мектепке жұмысқа қайта шығыпты. Осы жағдай ауыл тұрғындарының наразылығын тудырып отыр.  

- Менің немерем 9 сыныпта оқиды, ол мұғалімге қарап сабақ оқи алмаймын дейді. Ол да балалардың көзіне қарап отырып, қалай сабақ беретінін түсінбеймін, тіпті қорқамын одан. Оның ойында не бар екенін кім біледі?  Оған баламызды қалай сеніп тапсырамыз? – деп сұрайды зейнеткер ұстаз Жәниба ҚАРАСАЕВА.

- Біз оны бала күнінен жақсы білеміз, көз алдымызда өсті. Ал мына оқиғаны естігенде денеміз тітіркеніп, шошып қалдық. Оны өлтірмесін, бірақ нағашысының мүрдесін қорлағаны қалай? Осындай ұстаздың қолына баламызды қалай береміз? - дейді Қаршыға ДҮЙШІМОВ, Жолдас БИСЕКЕНҰЛЫ.Оның мектепте қалып, жұмыс жасауына Таңдай тұрғындарының бәрі қарсы. Пандемияға байланысты аз адам жиналып тұрмыз, әйтпесе бүкіл ауыл келер еді. Ел үрейде, балаларда қорқыныш сезімі қалыптасқан. Оны көшеде кездестірсе, көп адам  сырт айналады. Менің қызым жетінші сыныпта оқитын, ол биологтан бас тарттық. Директор мұғалімді ауыстырды, бірақ ол жоғары сыныптарға сабақ беріп жатыр. Біз ол мұғалім мектепте қалмау керек деп есептейміз.

Қ.Ахмедияров атындағы орта мектеп директоры Серік ҚОЙБАҚОВ:

- Былтыр қаңтар айынан бастап тергеу уақытында жұмысынан шеттетілген болатын. Кейін оған кінә тағылмады да, шеттетілген уақыттағы еңбекақысы түгел төленді. Өзінің адвокатымен келгенде, халықтың ахуалына қарай басқа жақтан жұмыс іздеу жөнінде айтып түсіндірдім. Бірақ ол басқа жаққа бара алмайтынын айтып, жұмысқа келіп отыр. Оны жұмыстан босатуымызға дәлелді себеп жоқ. 6-7 сыныптардың барлық сағатын беріп отырмыз. Ата-аналар қарсылығынан кейін жоғары сынып оқушыларына сабақ беріп жатыр. Өзінің айтуы бойынша, қарттың жылдық қадесін өткізіп, сосын ойланамын деген. Ал ұжым түрлі пікірде. Ата-ана мен балаларды сабырға шақырып отырмыз.

Біз мұғалім әйелмен сұхбаттаспақ болғанбыз, бірақ ол тілдесуден бас тартты.

- Жоғары жақта отырған лауазым иелеріне айтарымыз, осындай ұстазы бар мектепке балаларыңызды оқытар ма едіңіздер? Әрине, жоқ. Сондықтан оның ауылдан кетуін талап етеміз. Егер орындалмаса, Президент Тоқаевқа дейін арызданамыз, - деген талабын алға тартты жиналған көпшілік.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

8 қыркүйек 2021, 10:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.