Атырау, 10 қазан 10:23
 ашықВ Атырау +20
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Атырау олимпиадашыларын күтіп алды

Сурет Бейнежазба
2 409 просмотра

31 тамызда Атыраудағы Халықаралық әуежайдан жергілікті билік және жұртшылық өкілдері Токиодағы паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына үш күміс медаль салған атыраулық спортшыларды күтіп алып, салтанатпен құрмет көрсетті.

Парадзюдодан ҚР құрамасы сапында 7 спортшы болса, оның 6 біздің өңірден шықты. Үшеуі - 60 келі салмақта Ануар САРИЕВ, 73 келі салмақта Дәулет ТЕМІРЖАН және +70 келі салмақта Зарина БАЙБАТИНА - күміс жүлдеге ие болды.

- Шынымды айтсам, Олимпиадада «күміске» қол жеткізген жақсы, әрине, бірақ негізгі мақсатым «алтын» алу болып еді. Бұйырғаны осы... Бұл менің екінші олимпиадам. Рио  олимпиадасында 7 орын алып келгенде де билік өкілдері мен жанкүйерлер дәл осылай құрмет көрсеткен. Осы жолы алтын аламын деп мақсат қойғанмын. Ештеңе етпес, бұл жолы болмаса, бұйырса Парижде бағым жанар! - деді Ануар Сариев.

Спортшыларды Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА құттықтап, 6 спортшы мен бас жаттықтырушы Жандос ҚИЯНОВҚА 1 млн теңгеден сертификат табыстады. Өз сөзінде ол бұл тек бастамасы деді:

- 8 қыркүйекте үлкен кездесу өтеді. Сол кезде спортшыларымызды батырға лайық қарсы алып, облыс әкімі өңірдің сыйын жасайды. Небір тұлпарлар сол кезде мінгізіледі. Бүгінгі сыйлық Токиодағы медальдің көрімдігі.

Жандос ҚИЯНОВ, ҚР парадзюдо командасының бас бапкері:

- Атыраулық жанкүйерлердің қолдауын естіп, көріп жатқа бәріміз де намысқа тырысып жеңіске бар күшті салдық. Спортшыларымыз келесі жолы «алтынға» қол жеткізеріне сенімдімін.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

1 қыркүйек 2021, 10:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.