Атырау, 25 қараша 02:58
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Кабул әуежайы «Талибанға» өтті

1 736 просмотра

АҚШ әскері Ауғанстаннан кетті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сарбаздар мен дипломаттар мінген Құрама Штаттардың соңғы ұшағы ұшып шықты. 20 жылдай ауған жерінде соғысқан АҚШ осы уақыт ішінде 2 мыңнан астам жауынгерінен айырылып, мыңдаған адам жарақат алды. Америкалықтар кеткен бетте Кабул әуежайына тәліптер бақылау орнатты. Бұл Ауғанстаннан аттанған АҚШ әскерінің соңғы сарбазының суреті. Кабул әуежайында азаматтарды көшіруге жауапты болған генерал-майор Крис Донахью ұшаққа көтерілген кезде инфрақызыл жарық жанды. Осылайша АҚШ Ислам республикасындағы 20 жылға жуық әскери операциясын аяқтады. 

Кеннет Маккензи, АҚШ орталық қолбасшылығының басшысы:

– Бүгін АҚШ-тың C-17 ұшағы Хамид Карзай ауежайынан ұшып кетті, Ауған жерінен біржола кетті. Осылайша Ауғанстаннан америкалықтар мен ауғандықтарды эвакуацияу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар АҚШ миссиясының аяқталғанын да айтқым келеді. 

Кабулдағы Хамид Карзай атындағы әуежай шетелдік күштер бақылауда ұстаған соңғы нысан болатын. Енді ол «Талибанның» еншісіне тиді. Тәліптер аспанға оқ атып, Ауғанстанның толық тәуелсіздікке қол жеткізгенін айтып, жар салды. АҚШ әскерінің кеткеніне жергілікті тұрғындар да мәз. Олар көшеде көлікпен жүріп, дыбыс берді. АҚШ-тан бұрын Франция, Ұлыбритания, Германия мен Австралия өз азаматтарын көшіріп алған болатын. 

БЛИЦ: 

– Шетелдіктер кетті. Енді ауған халқы өз туған елін құра бастауы керек. Барлық саяси алауыздықтар диалог арқылы шешілуі тиіс. Елмізде бейбітшілік пен тұрақтылық орнаса дейміз. 

Дінмұхаммед Аметбек, халықаралық түркі академиясының сарапшысы: 

– Менің ойымша, бұл АҚШ-тың жеңілісі емес, өйткені үлкен империялар ұзақ мерзімді стратегиялармен жүреді. Өйткені АҚШ негізгі күшін Ауғаныстаннан шығарып, Азия Тынық мұхиты аумағына көшіргісі келеді деген пікір бар. Түсінесіздер ме, үлкен саясат шахмат ойыны сияқты. АҚШ-тың әскерилерін қайтарып алуы шахматтағы жүріс жасау сияқты. Ендігі жүріс Қытайдан немесе Ресейден болады. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыс ушығатынын ескертті. Биылғы жылдың соңына дейін ауған елінен жарты миллионға дейін адам кетуі мүмкін. Сондықтан Ұйым көршілес елдерді пана іздеген адамдар үшін шекараны ашық ұстауға шақырды. 

Еске сала кетсек, Талибан ұйымына Қазақстандағы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен тыйым салынған.

31 тамыз 2021, 16:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.