Атырау, 10 қазан 10:13
 ашықВ Атырау +20
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Құлсары қаласы: қоқыс көп, жасыл желек аз

Сурет Бейнежазба
2 702 просмотра

Құлсары қаласының қала атанғанына 20 жыл болса да, көңілді жабырқатар жүдеу көріністер менмұндалап алдыңа шығады. Жақында «АЖ» бұл жердегі орталық көшенің – Махамбет атындағы даңғылдың ажарсыз кейпі туралы жазған еді. Қаланың іші қоқысқа толы, жасыл-желектер өте аз.

- Жиырма жылда не өзгерді? Қандай дамуды көріп отырмыз, жекеменшік тойхана, кафелермен, болмаса сауда орындарымен мақтанамыз ба? Көшелерді сыпырмайды, су шашпайды, ықшам аудандағы көпқабатты үйлердің айналасы қоқысқа толып жатыр. Жасыл желек жоқ. Коронавирус індеті өршіп тұрған кезде аудан әкімдігі мен депутаттардың не бітіріп отырғанын білмеймін, - дейді күйінген Асхат есімді тұрғын.

Тұрғындар осы тақырып жөнінде әлеуметтік желіде сыни пікірлерді қарша боратуда. Бірақ еш нәтиже жоқ. Қалада болған екі күн ішінде көше тазалап, сыпырғыш ұстаған жанды көрмедік.

- Бұған дейін қала аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тазалау, сұрыптауды екі жекеменшік мекеме атқарып келді, ол «Жылыойтазалық» ЖШС мен «Промэкология» ЖШС. Аталған мекемелер жеке және заңды тұлғалармен келісім шартқа сәйкес жұмыс жасады. Пандемияға байланысты «Жылыойтазалық» ЖШС жұмыс күшінің жетіспеуіне байланысты қоқыстарды жинай алмай қалды, - дейді Құлсары қаласының әкімі Ернар ЫСМАҒҰЛОВ.

Тазалық мәселесімен айналысатын мекеме әлі анықталған жоқ. Осы жылдың шілде айына дейін мұнымен «Промэкология» ЖШС өз қаражаты есебінен айналысып келген. Содан кейін мердігер бас тартты. Енді көше тазалығы бетімен кеткен. Биыл 2 лот бойынша 3 жылға, яғни, 36 айға 915 млн теңгеге тендер өткенімен, түрлі себеппен бірнеше рет сәтсіздікке ұшыраған. Енді жаңа конкурс әзірленуде. Ал әзірге Жылыой ауданының әкімі Халел ЖАМАЛОВТЫҢ айтуынша, тазалық жұмыстарын сол «Жылыойтазалық» ЖШС атқарады. Жасалған жұмысына қарай оған бюджет қаржысы төленеді.

Биыл «Аяулым» ЖК 1 млн 458 мың теңгеге 300 тал отырғызса, «А. Имашев» ЖК 5 млн 834 мың теңгеге саябақты, «Құрсай» өзегі жанындағы талдарды күту, «К. Муздабаева» ЖК 4 млн 375 мың теңгеге қала көшелерінде қараусыз жүрген малды ұстау жұмыстарын атқаруы тиіс болатын. Бұл жұмыстар көрінбей тұр.

Ал жергілікті билік ТШО -дан көмек күтеді.

- Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директорымен кездесіп, облыс аумағын көгалдандыру бойынша меморанумға қол қойылған болатын. Құлсары  қаласында 50 гектар аумақты көгалдандыру үшін жердің құнарлылығын анықтау мақсатында топырақ сараптамасы алынды, - дейді Ернар Ысмағұлов. Жалпы әңгіме де, жоспарлы іс те көп, ал әзірге Құлсары азып тұр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

31 тамыз 2021, 15:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.