Токиода өтіп жатқан паралимпиада ойындарында атыраулық дзюдошы Теміржан Дәулет Қазақстан құрамасының қоржынына екінші күміс алқаны салды.
Теміржан Дәулет 73 келі салмақта финалға дейін жетіп, өзбекстандық әлем чемпионы Феруз Саидовқа иппон әдісімен есе жіберіп алды.
Естеріңізге салсақ, 1/8 финалда қазақстандықтың қарсыласы әзірбайжандық Рамиль Гасимов жекпе-жекке шықпағандықтан, техникалық жеңіліс деп есептелді. Ширек финалда Дәулет неміс Николай Корнхасты ұтса, жартылай финалда грузин Георгий Калданидан басым түсті.
Бүгінде Паралимпиада-2020 жеңімпаздары рейтингінде Қазақстан 19-шы орында тұр. Теміржанның жеңісіне дейін Қазақстан қоржынында екі алқа болды. Алтын алқаны Дэвид Дегтярев (пауэрлифтинг), күміс алқаны Әнуар Сариев (дзюдо) алған болатын.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ