Атырау, 2 шілде 00:22
 ашықВ Атырау +29
$ 475.18
€ 510.72
₽ 5.47

Мұғалімдердің тамыз кеңесі: «Бәрі жаман емес»

1 932 просмотра

26 тамыз күні Атырауда педагог қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Кеңеске онлайн қатысқан білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат КОБЕНОВА 2018 жылы облыстың білім сапасы бойынша рейтингте 15-ші орында болғанын, 2023 жылға қарай мұғалімдердің еңбекақысы екі есе көбейетінін еске салды. 

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан ИБРАЕВ былтырғы оқу жылы бойынша есеп берді. Оның айтуынша, 196 мектепте 134 838 оқушы білім алған. 272 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, 222 оқушы үздік аттестатқа ие болған. ҰБТ-2021 тапсыруға  4419 мектеп түлегі өтініш берді. Орта баллдық көрсеткіш 76,1 пайызды (былтыр 56,1% болды) құрады. 1372 оқушы мемлекеттік білім грантын ұтып алды, оның 309-ы педагог мамандығын таңдады.

Бұдан соң ол 2018 жылға қарағанда жағдай едәуір өзгергенін атап кетуді жөн санады:

2020 жылғы қыркүйектің 20-25-і аралығындағы республикалық рейтингтің алғашқы нәтижесінде Атырау облысы оқу жылының қорытындысымен үздік үштікке енді.

Ибраевтың айтуынша, барлық мектеп толық дайын. 197 мектепте 140 мыңның үстінде оқушы дәстүрлі форматта білім алмақ. Ұстаздардың 100 пайызы вакцина алған. 

Жергілікті бюджеттен білім беру ұйымдарын оқулықпен қамту мақсатына 1 млрд 647 млн тенге бөлінген. 15 баспамен келісімшрт жасалды, оның 100 пайызы жеткізілді.

Кадр мәселесі әлі де өзекті: бүгінде облыста 420 педагог маман жетіспейді.

- Халел Досмұхамедов атындағы АМУ, Алматы қыздар педагогикалық университетімен, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан облысы университетімен, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетімен бірлесіп тығыз жұмыс жасаймыз. Биылғы оқу жылы аталған жоғары оқу орындарын бітірген 180 жас маман өңірдің білім беру ұйымдарында жұмыспен қамтылады, - деді Ибраев. Бұдан бөлек, облыста 2017 жылдан бері жергілікті бюджет есебінен облыс әкімінің гранты бөлініп келеді. 159 алғашқы грант иегерлері биыл университет бітіріп, облыстағы педагогтардың қатарын толықтырмақ.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақтыгүл ХАМЕНОВА өңірдегі білім беру саласында түзейтін мәселелердің бар екенін айтты.

- Атырау облысындағы білім сапасы төмен немесе мұғалімдер сапасыз деген түсініктен арылатын уақыт келді. Бізде үздік мұғалімдер көп, олар жеткізген оқушылар республикалық додаларда жетістікке жетіп жүр. Бұл ортақ жұмыстың жемісі деп білемін, әріптестер.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары басқармасының төрайымы Күләш ШӘМШИДИНОВА «білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдар аралығындағы жол картасы» бағдарламасы аясында өңірдің 50 мектебі кешенді түрде зерттелгенін хабарлады. Зерттеу қорытындысы облыс басшылығына жеткізіледі.

Жиын соңында Хаменова биыл өңірдегі 40 педагогтың білім берудегі менеджмент мәселесі бойынша арнайы әзірленген бағдарлама бойынша кадрлық резервты даярлау курсынан өткенін хабарлады. Бұл қарапайым педагогтың білім беру ұйымдарын басқаруға дайындығын білдіреді. Тіпті олардың ішінде екеуі басшылық қызметтің тізгінін ұстады: Өнербек ЕРҒАЛИЕВ Береке ықшам ауданындағы №42 орта мектептің, ал Гүлнәр ҚУАНЫШҚЫЗЫ №6 орта мектептің директоры лауазымына тағайындалды. 

Айнұр САПАРОВА

27 тамыз 2021, 16:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.