Атырау, 29 маусым 20:43
 ашықВ Атырау +17
$ 471.46
€ 504.79
₽ 5.53

​«Құлсары – кішкентай қала»

Сурет Бейнежазба
2 210 просмотра

Құлсарыда жүгенсіз кеткен жүргізушілерді қарайтын жол-патрульдік полициясына тиесілі екі «Нива» ғана бар екен, оның біреуі ғана жүріп тұр. Біз соған отырып, қала ішіне рейдке шықтық.

Жылыой АПБ ұсынған ақпаратқа сенсек, күніне 30-ға жуық әкімшілік хаттама толтырылады. Құлсарылықтар көбіне қауіпсіздік белдігін тақпай, көлік тізгіндеп келе жатқанда ұялы телефонмен сөйлескенді жақсы көреді екен. Ал тұтас сызықтан өтіп кету тіркелмейді. Өйткені жолдар сызылмаған.

- Құлсарыда, тіпті негізгі көшелерде де жолдар сызылмаған. Бұл жөнінде аудандық әкімдікке бірнеше хат жазылды, алайда нәтижесіз, - дейді аудандық полиция бөліміндегілер.

Қала көшелеріне менімен бірге аға лейтенант Еламан СҮНДЕТОВ пен кіші сержант Қуантқан САҒИДОЛЛАЕВ болды. Қаладан шығатын тұста Жедел-басқару орталығынан (иә, Құлсарыда да ЖБО бар) «Lada Priora» көлігінің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпағаны туралы хабарлама берілді. Инспекторлар көлікті тез тауып алды. Көліктің алдыңғы әйнегі қараңғыланған екен. 20 жастағы жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-тің 593-бабының 2-тармағы («Қауiпсiздiк белдіктерiн пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Содан кейін ЖБО операторы Land Cruiser Prado көлігіне қатысты хабарлама берді. Жүргізушіге белдік тақпағаны үшін 14 мың теңге айыппұл рәсімдеді. Бір таң қаларлығы, қауіпсіздік белдігін тақпаған қасында отырған жолаушыға да 1 АЕК көлемінде айыппұл салды. 

Әрі қарай экипаж 593-баптың осы 2-тармағы бойынша тағы 10-ға жуық хаттама толтырды. Одан салмақты ереже бұзушылықтар кездеспеді. Бұған қаншалықты сенуге болатынын білмеймін, бірақ Атырауға қайтар жолда таксист оның әріптесінің бірі Құлсарыға журналистің келгенін, жол патрулімен бірге рейдке шығатынын алдын ала ескертіп қойғанын айтты.

- Құлсары кішкентай қала ғой. Whats app-тан ақпарат тез тарайды. Енді кеткеніңізді де жазып жатыр,- деп күлді такси жүргізушісі.


Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор 

28 тамыз 2021, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.