Атырау, 27 маусым 01:17
 ашықВ Атырау +22
$ 463.77
€ 495.49
₽ 5.31

«Тісім ауырған соң маскамды шешіп қойдым»

Сурет
2 174 просмотра

Жылыой ауданында коронавирус инфекциясы өршіп тұр. Қаншама шара алынғанымен, 2021 жылдың 1 қаңтарынан 20 тамызға дейін 2074 адам коронавирус дертіне шалдыққан. Ахуалмен танысу үшін «АЖ» тілшісі мобильді топпен бірге рейдке шыққан еді.

Құлсары қаласындағы теміржол вокзалында адам көп емес екен.

- Бұл жерде адамдар пойыздың келіп-кетуіне қарай жиналады. Маңғышлақ бағытына адамдар көп қатынайды. Топпен түскен адамдардан кейін дезинфекция жүргізсе жақсы болар еді, - дейді вокзал қызметкерлері.

- Қазір ықшамаудандағылар бұрынғыдай киіз үй, палатка тігіп, той, садақа өткізуден бас тартып жатыр. Біразы айыппұл арқалағаннан кейін, кейбірі санитариялық талапты сақтайды. Дегенмен, жағдай біркелкі емес, бұл індетке салғырт қарайтындар жеткілікті, - дейді топ мүшелері қынжылыспен.

Оған мысал: бірнеше сатып алушы сауда жасауға келген дүкенде сатушы бетпердесіз жұмыс істеп тұрды. Тексерушілерді көргеннен кейін бетпердеге жармасты. Тісім ауырып, дәрі ішейін деп шешіп қойғанмын, деп ақталды.

Оған бір жолғы ескерту берілді.

Мобильді топ Жаңа Қаратон ауылында дүрілдетіп өтіп жатқан тойдың үстінен түсті. Тойға 80-ге жуық адам жиналыпты. Үй иесі кінәсін тез мойындап, айыппұлды төлейтінін айтып жатты. Мобильді топ әкімшілік хаттама толтырып, қонақтардан тарауды өтінді.

...Мейрамханалар есігін тарс жапқан. Бірақ ол шынымен жабық деген сөз емес. Осылайша, тығылып туған күн жасап жатқандар ұсталып қалды.

- Біз қазір тараймыз. Мейрамхана иесіне акт жасамаңыздаршы, - деп өтінді қонақтар. Салтанатпен туған күн тойлағандар тарағанымен мейрамхана иесіне айыппұл салынатын болды.

- Бастапқыда кешіріммен қарағанбыз. Бірақ халық арасында той, туған күн, садақа ұйымдастыратындар тиылмай тұр. Үйде карантинде жатқандар үйлерінде болмайтын жағдайлар да кездеседі. Осының бәрі айналып келгенде бұл індеттің өршіп кетуіне әкеліп соқтырып отыр, - дейді мобильді топ жетекшісі Ақан МАМБЕТИЯЗОВ.

Тек тамыздың басында Жылыой ауданында санитариялық режим бұзылған 24 хаттама (12 жеке тұлға мен 12 жеке кәсіпкерге) толтырылды.  Салынған айыппұлдар сомасы 2 млн теңгеден асады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

24 тамыз 2021, 18:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.