2016 жыл
ТШО-дан шикі газды жаққаны үшін 125 миллион теңге көлемінде экологиялық айыппұл өндіріліп алынды. Жаңа жылдық концертте Атыраудың сол кездегі әкімі Нұрлыбек Ожаев «Снег кружится, летает и тает» әнін орындап, содан кейін қар жауып, 2 көлік жолы жабылған еді. 7 қаңтардағы ахуал бойынша облыс орталығынан 360 тоннадан астам қар шығарылды.
2013 жылы облыстық ІІД-нің FS-38 Stab жүрдек патруль қайығын сатып алғаны (2013 жылғы бағам бойынша бұл шамамен 1,3 миллион доллар), ал ІІД жаңа ғимаратының орнына, неге екені белгісіз, әрқайсысының ауданы 250 шаршы метр болатын 12 пәтерлік элиталық үй салынғаны туралы біздің жарияланым үлкен резонанс тудырды. Сот «Атырау Жарық» АҚ-нан 2014 жылы қосалқы станцияда тоққа түсіп, екі қолынан айырылған 12 жасар баланың пайдасына 17 миллионнан астам теңге өндірді. «Ақ Жайық» газеті 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Наурызда бір тәулікке созылған жаңбырдан кейін облыс орталығында жеке секторда көп үйді су басты, Құлсары мен Мақатта да дәл осындай жағдай. 16 мамырда Атырауда жауған бұршақты нөсер кезінде 24,5 мм жауын-шашын түсті (ал айлық норма 23 мм): наурыздағы жауыннан кейін қалпына келіп үлгермеген жеке сектор қайтадан суға толды. Тұрғындарды шұғыл эвакуациялауға тура келді. Жергілікті билік бірнеше жиналыс өткізіп, Атырауға дренаж қажет деп шешті, бірақ жобаның қымбат болуына байланысты оны әдеттегіше кейінге қалдырды. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Атырау облысының жаңа әкімі - Нұрлан Ноғаевты таныстырды. Ол өзінің алғашқы үлкен мәжілісін браконьерлік мәселесіне арнады. Өзбекстан азаматы Дмитрий Кимді аяусыз өлтірді деп айыпталған бұрынғы полиция лейтенанты Манарбек Өтеуов әлеуметтік желіде марқұмның отбасына өкінетіні туралы хатын жариялап, бұрынғы басшылығын көптеген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп айыптады. Бас прокуратура хатта көрсетілген фактілерді тексере бастады. Кейін Өтеуов қатаң режимдегі колонияда 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Атырау облысының бұрыннан келе жатқан үкіметтік емес ұйымдарының бірі - экологиялық «Каспий Табиғаты» ҮЕҰ заңнамадағы кедергілерге байланысты өз қызметін тоқтатқанын жариялады. 2016 жылдың сәуірі Қазақстан шежіресінде Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғалары секілді тарихи дата болды: бірнеше мың атыраулық Жер кодексіндегі жерді сатуға және ұзақ мерзімге жалға беруге (соның ішінде шетелдіктерге) рұқсат ететін өзгерістерге наразылық білдіру үшін қаланың орталық алаңына шықты. Алаңға келген облыс әкімі Ноғаев наразылық білдірушілердің талаптарын Астанаға жеткізуге уәде беріп, қатысушыларды қудалау болмайтынына кепілдік берді. Осыдан кейін 4 сағатқа жуық созылған митинг аяқталды, адамдар бейбіт түрде үйлеріне тарады. Бірақ басқа күштер қосылып, Ноғаев уәдесін орындай алмай қалды. Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян «рұқсат етілмеген митингке қатысуға шақырғаны үшін» 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Екеуі де қамаудан босатылмады: әкімшілік мерзім аяқталардан бір күн бұрын олар өздеріне қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында тергеу изоляторына ауыстырылды. Енді адамдарға өз пікірін көпшілік алдында айтуға рұқсат берілмеді; әлденеше рет жиналуға әрекет етсе, қатаң түрде жазаланады. Жарбосынов көшесіндегі «Ақ Жайық» ЖШС -де Атырау қаласындағы Ұлттық баспасөз клубы ашылды. «Жер митингісі» ісі бойынша сот отырысына төрағалық ететін судья Г.Дәулешова Атырауға арнайы шақыртумен келген Адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры Е.Жовтисті тыңдаудан бас тартты. Алматыға қайтып оралмас бұрын, Жовтис «АЖ» тілшісіне бұл процесті саяси әрекет деп есептейтінін айтып: «Қазақстанда бейбіт жиын еркіндігі жөніндегі құқық саласын менен көп білетін адамдар аз, мен осы саланың сарапшысымын. Мен ҚР Конституциялық Кеңесіне бірнеше рет тұжырымдама бердім, ал ол жерде еліміздегі үздік заңгерлер отыр деп ойлаймын. Олар менің білімімді елемей қалған жоқ, ал Атырау қаласындағы судья өзіне менің білімім керек емес деп есептейді» деді. Макс пен Талғат 5 жылға бас бостандығынан айырылды. ТШО-да «Өз еркімен жұмыстан кету бағдарламасы» жүзеге асуда: бейресми деректерге сүйенсек, 300-ге жуық қызметкерге 20 000 АҚШ доллары көлеміндегі өтемақыға өз еркімен жұмыстан кету ұсынылған.
2017 жыл
Еркінқалада қаңғыбас иттер 7 жасар баланы талап тастады, дәрігерлер оның өмірін әзер арашалап қалды. Қала маңындағы осы ауылда жүз елу шақты қаңғыбас иттер жойылды. Облыстық прокуратура ғимаратының алдында облыс прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла Смадьярова өз-өзін өртеді (оның өмірін өрт сөндіргіш алып жүгіріп шыққан көрші кеңседегі ер адам құтқарып қалды). Бұл пара алды деген жалған айыптауға ашынған наразылығы еді. 10 күннен кейін сот оны 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. 4 жасар бүлдіршін балабақшадан шығып, Жайықтың мұзды еріген суына құлап кетті, оны жағалау бойымен келе жатқан жас жігіт құтқарып қалды. Кейін жекеменшік балабақшаның тіпті ресми түрде тіркелмегені анықталды. Исатай ауданы Жанбай ауылының маңында жиналған көпшілік АІІБ қызметкерлерінен браконьерлік балықпен ұсталған УАЗ автокөлігін қайтарып алды. Содан кейін ауылға облыс орталығынан әскери қызметшілер тиелген жүк көлігі жөнелтілді.
Теңіздегі КТЛ зауытында газ шығарындысы тасталған апат болды, бірақ ТШО өкілі Имир Боннер журналистердің барлық сұрағына: «Шығарынды қауіпті емес еді» деген бір жауапты қайталады. Кейін Атырау әкімшілік соты «Теңізшевройлға» 278 миллион теңге айыппұл тағайындады. Индер ауданының Елтай ауылында салтанатты түрде «уақыт капсуласы» қаланды: француздық «Issmat invest & Finance» компаниясы «Атырау» ӘКК-мен бірге қатарынан бірнеше ірі инвестициялық жобаларды ұсынды, оның ішінде лаванда алқаптары мен бизон өсіру, сонымен қатар Атырауда киноконцерт залының құрылысын аяқтау жобалары бар. Қала маңындағы Бесікті ауылының 33 жастағы тұрғыны Ержан Серіков өз өмірін қиып, Жайыққа батып бара жатқан екі жасөспірім қызды құтқарды. «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалі (қайтыс болғаннан кейін) анасына табыс етілді. Қарабатандағы жұмысшылар асханасында 26 адам уланып қалды, тексеру кезінде тағам блогының қызметкерлерінің бірінен сальмонеллез анықталды. Тамыздың аяғынан бері Атыраудағы көптеген аудан тұрғындары мүңкіген бензин иісіне үнемі шағымданады. Экология департаменті АМӨЗ-ге жоспардан тыс тексеру жіберіп, облыс орталығындағы атмосфералық ауаны өлшеу үшін жабдықтың жоқтығына қынжылыс білдіреді. Бірақ жыл соңына дейін Ресейден осындай екі құрылғы келеді деп уәде береді. Ал «АЖ» тілшісіне берген сұхбатында ҚР бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мұнайлы астанада мұндай құрылғы болмаса, саусағымды кесіп берейін деп, ант-су ішті. Атырауда «Ретро парк» ашылды, салтанатқа 3 мыңнан астам адам қатысты. Сот «Атырау Су арнасы» КМК басшысы Андрей Ташлыковты сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді, қызмет бабын асыра пайдаланды және қызметтік жалғандық жасады деген айыппен қамауға алуға санкция берді. 20 жастағы Атырау тумасы Тимур Қожағалиев IT-инженерлер командасының көшбасшысы ретінде Англияда Microsoft компаниясы үшін қосымша әзірледі, ол әлемдік хирургия үшін келешегі зор жаңалық.
2018 жыл
Қарабатандағы «Газтурбина электр станциясы» нысанының құрылыс алаңындағы жатақханада алты жұмысшы өрттен қаза тапты, ал келесі күні жетіншісі ауруханада көз жұмды. Оқиғаны тексерген комиссия өрт бірінші кезекте жұмыс берушінің кінәсінен болғанын анықтады - жатақханада орталық жылыту жүйесі жоқ, барлық жерде электр жылытқыш болған. Қала маңындағы Томарлы ауылының өлілер қатарында болған 63 жастағы тұрғыны Айғали СҰПЫҒАЛИЕВТЫҢ бұл дүниеге қайта оралуы туралы таңғажайып оқиға Атырау мен Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де резонанс тудырды. 2018 жылдың маусымында ол үйден шығып, қайтып оралмаған, біраз уақыттан кейін туыстарын мәйітті анықтау үшін мәйітханаға шақырады. Отбасы сүйекті барлық мұсылмандық әдет-ғұрыпқа сай жерлеп, қайтыс болғаны туралы куәлік алады. Ал қазан айында табыс табуға кеткен Айғали үйіне оралды.
Қазір барлық медицина мекемелері дерлік режимдік объектілерге айналуға шақ тұрғанда мұндай нәрсені елестету қиын-ақ. Ал 2018 жылы жаңадан әке атанғандар сәбилерін перзентханадан шығарып алу үшін барын салатын. Олардың бірі баласы мен жұбайын трактормен қарсы алды. Ал трактордың шөмішінде шақырылған әнші ән айтып тұрды. Басқа бір әке қолына гүл ұстап, музыкамен және туыстарының у-шу болған қошеметімен төртінші қабаттың терезесіне арнайы көліктің көтергішімен көтерілді.
Жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеумен ауыстырған Талғат Аянды вокзалда жылы қарсы алды. «АЖ» тілшісіне берген сұхбатында Талғат жазаны жеңілдету үшін өзінің заңды құқығын пайдаланғанын және Макс екеуі кінәсін мойындамағанын атап өтті.
2018 жылдың жазы қала тұрғындарының есінде мұнай астанасының тіршілігін тоқтатып тастай жаздаған электр энергиясының жиі өшірілуімен есте қалды. Бұған аптап ыстықта электр энергиясын тұтынудың күрт көбейгені себеп болды. Атырау облысы Астананың 20 жылдық мерейтойына елордаға Есіл өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған көпірді тарту етті. Сыйлық біздің өңірге 6 млрд теңгеге шықты.
№2 Атырау қалалық сотында ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айыпталған «Спецавтобаза» ЖШС-нің бұрынғы директоры Самат Тұрниязовқа, оның орынбасары Асқар Қалдыбаевқа, «Sanjar Flowers» ЖШС директоры Ербол Қуанышқа (Тұрниязовтың ұлы) және Артур Сұлтановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Тұрниязовқа сонымен қатар 361 (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 369 (Қызметтік жалғандық) баптары бойынша айыпталды. Кейіннен Тұрниязов пен Қалдыбаев 5 жылдан бас бостандығынан айырылу, Сұлтанов 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Ербол Қуаныш ескіру мерзімі өткені үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Жыл соңында сұмдық экологиялық соққыға ұшырадық – Жайықта жаппай балық қырылды. Қара балық қана емес, балық өсіру зауыттарындағы бекіре тұқымдас балықтар да. Алғашқы факт Төменгі Перетаска каналында тіркелді, оған екі ірі кәсіпорынның - АМӨЗ мен Атырау ЖЭО-ның рұқсаты бар. Содан кейін «Атырау Су арнасы» КМК-не тиесілі су тазарту станциясы аумағында да өлі балықтар туралы хабарлама түседі. 328-бап («Қоршаған ортаға зиян келтірген жербеті суларын ластау») және 204-бап («Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру») бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.
2019 жыл
Миялылықтар Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаевқа «генерал-майор» шенін алғаннан кейін «көрімдік» ретінде тұлпар сыйлады. Бірақ, өкінішке орай, Ақорда бұл ишараны түсінбеді: елбасының жеке тапсырмасы бойынша ол жұмыстан шығарылды. 2019 жыл сыбайлас жемқорлық жанжалдарына бай жыл болды. Алдымен Атырау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев пен оның орынбасары Роза Қабдолованы, кейін Атырау облысы әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасары Нұрсәуле Сайлауованы ұстады. Білім беру саласының тағы бірнеше қызметкері тергеуге алынды. Жазда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ҰБТ кезінде талапкерлердің ата-анасын мемлекеттік комиссия мүшелеріне жоғары балл беру үшін 600 мың теңге көлемінде пара беруге итермелеген Атыраудағы екі мектеп директорының орынбасарларын ұстады. Іс тараптардың мәмілесімен аяқталды.
Көптен күткен Астрахань трассасын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жұмыстың ауқымдылығына байланысты ұзындығы 277 км болатын трассаның қазақстандық бөлігі бөліктерге бөлінді. Ұзындығы 60 км болатын бірінші учаскенің мердігерлері - түріктің «Сине Мидас Строй» компаниясы мен отандық «АтырауИнжСтрой» компаниясы. Балықтың қырылуы туралы іс бойынша «Атырау Су арнасы» КМК директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко және су тазарту станциясының басшысы Михаил Чурсин айып орындығына отырды.
Сот процесі шамамен жарты жылға созылды, соңында үшеуі де екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылдың тамыз және қыркүйек айларында облыстық перинаталды орталықта сәби өлімінің айтарлықтай көбейгені байқалды. Сол кезде астаналық комиссия ауруханаішілік инфекцияны, жеке кір жуатын орынның жоқтығын және бір рет пайдаланылатын материалдармен жеткіліксіз қамтылғанын анықтады. Ал 4 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Кабдол перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев пен акушер-гинеколог жаңа туған нәрестені өлтірді деген күдікке ілінгенін хабарлады. Оның айтуынша, жедел уәкілдер сәбидің өлі туылған деп тіркелгенін, ал шын мәнінде оның әлі тірі болғанын анықтады. Тергеу жорамалы бойынша, сәби тіршілік нышанын білдіргеннен кейін, дәрігерлер шұғыл шара алудың орнына, рәсімделген құжаттарға сәйкес әрекет етуге шешім қабылдап, нәрестені тоңазытқышта қалдырды. Бұл оқиға бүкіл елді дүрліктірді, мұнайлы астанаға ҚР Премьер -Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған тұтас делегация келді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кетті. Атырау қаласы Дамбы ауылдық округінің №68 сайлау учаскесінде өткен президент сайлауында 1471 сайлаушы дауыс берді, олардың 914-і Әміржан Қосановқа дауыс берді. Бірақ бұл жекелеген жағдай, жалпы алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді түрде жеңді, оның негізгі қарсыласы Әміржан Қосанов оны құттықтаудан бас тартпады. Біздегі оппозиционерлер біртүрлі... Теңіз кен орнындағы 3-буын зауытының құрылыс алаңында жаппай тәртіпсіздік орын алды. Жанжалға шетелдік жұмысшының әлеуметтік желіде ұлттық ар-намысқа нұқсан келтіретін суретті жариялауы себеп болған деседі. Бірақ бәрі де мұның себебі әлдеқайда тереңде жатыр деген пікірде. Ең алдымен, бұл бірдей жұмыс үшін шетелдік және отандық қызметкерлер арасындағы жалақының жер мен көктей болуы. 18 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жергілікті активке Атырау облысының жаңа әкімі Махамбет Досмұхамбетовті таныстырды. Өңірдің экс-басшысы Нұрлан Ноғаев ҚР Энергетика министрі боп тағайындалды.
2020 жыл
1 қаңтардан бастап «Атырау Су Арнасы» КМК сумен жабдықтау және су тарту қызметін жаңа «Атырау Облысы Су Арнасы» КМК-не ресми түрде тапсырды . Сөйтіп 2018 жылдың желтоқсанында қырылған балыққа келтірілген зиянды ешкім өтемеді. Зауыт қызметкері Қайрат Оразбаев Атыраудың жаңа әкімі болды. Атырау облысы Түркістан облысына 9 млрд теңгеге мәдениет орталығын сыйға тартты. Білім беру басқармасының бұрынғы басшысы Нұрсәуле Сайлауова 2 жылға қоныс колониясында бас бостандығынан айыру жазасын алды. «Салғырттық» бабы бойынша Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның соты басталды, кейін оған 5 миллион теңге айыппұл салынды. 2020 жылдың көктемінен бастап «коронавирус», «локдаун» және «карантин» сөздері өмірімізге берік ене бастады. 16 наурызда Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Авиациялық және теміржол қатынасы тоқтатылды, ал Теңізде вахта ауысымы тоқтатылды. 30 наурызда Атырауға кіреберістерде блок бекеттері орнатылды. Теңізде COVID-19 жұқтырған бірінші адам анықталды, ол жерде толық карантин жарияланды. COC Realty компаниясының 100 шақты қызметкері қатаң карантин режимін жеңілдетуді және қатар түскен екінші ауысымға үстеме ақы төлеуді талап етті. Облыс орталығында автобустар мен такси қозғалысы тоқтатылды. «Болашақ» вахталық поселкесінде басқа вахталық поселкелердің жұмысшыларын орналастыруға наразылық білдірді, адамдар коронавирустан қатты қорқуда. Атыраудағы карантин 25 мамырға дейін ұзартылды (әрі қарай біраз жеңілдетіп, бірнеше рет ұзартылды). Нұрлан Таубаев облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Коронавирустан алғашқы өлім тіркелді: қайтыс болғандардың бірі - атыраулық егде адам, екіншісі - Жылыой ауданынан, екеуі де облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделген. 2020 жылдың жазында ауру жұқтырғандар санының күрт өсуі аймақтың пандемиямен күресуге дайын еместігін, ауруханаларда орындардың жеткіліксіздігін, ИВЛ аппараттарының жоқтығын, дәріханаларда қажетті препараттардың жетіспейтіндігін, ауруханаларда да олардың жеткіліксіз екенін көрсетті. COVID-19 пандемиясы басталғалы бері және жыл соңына дейін Атырау облысында 7 бас санитар дәрігер ауысты. NCOC қаржысына Сарыөзекте модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталды. Мақат ауданының Ескене мен Таскескен ауылдарының мектеп оқушылары шатырда «оқуға» мәжбүр . Олар ұялы байланысты осылай ғана пайдалана алады. 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров ұсталды. Облыс әкімдігі қыркүйекте мұқтаж оқушыларды қашықтан оқытуға арналған компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге уәде берді, бірақ көпшілігі бұл компьютерлерді әлі алған жоқ, ал таратылған қытайлық планшеттердің кейбірі сапасыз болып шықты. «Білім-Инновация» лицейінің (қазақ-түрік лицейі) 2005 жылғы түлектері өз қаражатына африканың Малави мемлекетінің деревняларының біріне ауыз су бұрғылап, құдық орнатып берді. Айыптау тарапы соттан облыстық перзентхананың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты кінәлі деп танып, қылмыс жиынтығы бойынша оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Прокурор акушер-гинеколог Асқар Қайыржан мен акушер Жамилә Құлбатырованы 17 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Еркінқалада иесі тоңазытқыштың есігімен қылғындырған ит АҚШ-тағы жаңа иелеріне ұшып кетті.
Кевин Лион «Теңізшевройл» ЖШС-нің жаңа бас директоры боп тағайындалды, ал 2018 жылдың 1 желтоқсанынан бері ТШО-ны басқарған Имир Боннер Chevron компаниясының бас кеңсесіне ауыстырылды. Жер қойнауын пайдалану құқығын сату бойынша бірінші аукционның қорытындысы: 7 жер учаскесі болашақ жер қойнауын пайдаланушыларға жалпы сомасы 61 млрд теңгеден астам сомаға сатылды. Учаскенің бәрі Атырау облысының аумағында орналасқан.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА