Атырау, 4 шілде 00:06
 ашықВ Атырау +33
$ 472.57
€ 508.34
₽ 5.40

Құлсары қаласының орталық даңғылы туралы

1 319 просмотра

Биыл қыркүйекте мұнайлы аймақтың әкімшілік орталығы Құлсарының ресми түрде қала мәртебесін алғанына 20 жыл толады. Соған сай талап та өзгеше, Құлсары бүгінде оған сәйкес келе ме - «АЖ» соны зерделеп көрді.  Бүгін біз Махамбет атындағы орталық даңғылдан бастаймыз.

Орталық даңғыл деген атаққа әнебір лайықты емес: көлік жолдары шұрқ-тесік, төсемтастар бытырап шашылып жатыр. Бұл жерде екі жыл бұрын күрделі жөндеу басталған еді. Басталып, аяқсыз қалды.

- Әкімдік қолдарынан келмесе жолды осыншалықты тас-талқан етпеуі керек еді. Одан да бұрынғы жолымыз мықты еді, айналғанда ескісіне зар болып қалдық. Өзім таксистпін, қаланың қай жеріне барсаң да осы Махамбет даңғылымен өтуге тура келеді. Жолдың азабын көргенімізге екі жыл болды, көбіне көліктің қозғалыста болатын бөлігі жиі істен шығады. Қаланың негізгі көшесін қашан жөндеп бітіреді? – дейді Құлсары қаласының тұрғыны  Қуаныш САБИРОВ.

Аз-мұз мәлімет келтіре кетейік. 2019 жылы Махамбет даңғылындағы 2,5 км жолды күрделі жөндеу жұмыстарын 200 млн теңгеге жөндеп шығуға уәде берген «Жаңа түбек» ЖШС тендерді ұтып алады. ЖШС іске кіріседі, алайда жұмыс сапасына көңілі толмаған тапсырысшы - аудандық ТКШ бөлімі сотқа шағым түсіреді. Тапсырыс берушінің ойы іске аспады: Атырау облысы ауданаралық экономикалық соты оның 103 млн теңгені бюджетке қайтару жөніндегі талабын қанағаттандырмады. Не болса да, енді жергілікті билік жаңа мердігер іздеп жатыр.

- Қазір Махамбет даңғылындағы жолды жөндеп, барлық төсемтастарды ауыстыру үшін бюджеттен 680 млн теңге бөлінді. Тендер өткізіп жатырмыз, жеңімпаз жақында анықталады, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жантөре РАШЕВ. – Биыл жылдың соңына дейін көлік жолы жөнделуі қажет, төсемтастар келесі жылы жасалады деп жопарлап отырмыз.

-Кезінде жұмсалып кеткен 103 млн теңге қайтарылмайтын болды ма?

-Жоқ, себебі сот солай деп шешті.     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

20 тамыз 2021, 18:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.