Атырау, 4 шілде 01:10
 ашықВ Атырау +34
$ 472.57
€ 508.34
₽ 5.40

Бейбақ аналар, «Жусан» операциясы: бейімдеу орталығындағы балалар тағдыры

Сурет
2 827 просмотра

Ата анасы өмірден өткен немесе құқығынан айырылғандардың балалары әрі қарай тағдыры белгілі болғанша уақытша «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына» орналастырылады. «АЖ» тілшісі орталықта болып, ол жердегі ахуалмен танысып қайтқан еді.

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Ғалия БИЖАНОВАНЫҢ сөзінше, қазір орталықта әр қилы тағдырмен келіп түскен 3 жастан 17 жас аралығындағы 15 бала тәрбиеленуде.  

- Биыл осы уақытқа дейін орталыққа 68 бала келіп түсті. Оның бірнешеуі «Шаңырақ» балалар үйіне орналастырылды. Мұнда Атырауда жүрген Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарының балалары да келіп түседі.  Жуырда ғана бастауыш сынып оқушысын, Өзбекстан азаматшасын еліне жібердік. Ол ұзақ жыл анасымен Атырауда тұрды, ол осы жақта жұмыс істеген. Анасы науқастан қайтыс болуына байланысты туыстары іздестіріліп, Өзбекстанға ата-әжесіне жібердік, - дейді директор.

Жақында Жылыойдан бір үйдің 4 баласы түскен. Анасы ішкілікке салынып кетуіне байланысты, комиссия аналық құқынан айыру туралы мәселені қарап жатыр. Сол уақытқа дейін балалар осы жерде болады.

- Біздің Орталықта балалар тұрып қана қоймайды, білім де алады. Оқу жылының басында мұнда мектеп мұғалімдері келеді. Бұрын балалармен қалаға шығып, ойын-сауық орындарына, музейге баратынбыз, ал қазір карантинге байланысты үйде отырамыз, - деп қынжылды сұхбаттасушым.

Ол қилы тағдыр туралы әңгімелеп берді. Мысалы, орталықта Арыс қаласынан келген бір үйдің үш қызы жатыр. Жастары 8, 5 және 4-те. Анасы Атырауға келіп, жеңіл жүріске салынып кеткен. Ал, үш қыз қараусыз қалған. Қазір сот шешімімен анасы аналық құқынан шеттетіліп, үш қыз «Шаңырақ» балалар үйіне орналасуға дайындалып жатыр.

- Бұл жерде түрлі жастағы балалардың бір-бірімен тіл табысып кетуі қиын шығар?

- Тіл табысады. Әрине, бастапқыда бір отбасының балаларын бөлмей бір бөлмеге жайғастырамыз. Кейін орталыққа бейімделген соң ұл, қыз болып және жастарына қарай бөлінеді.

- Сириядан келген балалар да осы жерде болды ма?

- Иә, «Жусан» операциясымен келген 18 бала осында жайғасты. Олардың ата-әжелері табылып, үйлеріне қайтарылды. Туыстары жоқ 8 бала «Шаңырақ» балалар үйіне орналастырылды. Біз балаларды мүмкіндік болса үйге орналастыруға тырысамыз, туыстарына шығып қамқоршылыққа беруге жұмыстанамыз. Ешкімі жоқ болған жағдайда балалар үйіне жіберіледі.

 Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор 

20 тамыз 2021, 18:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.