Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы Серік ҚАМИДОЛЛА Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВКЕ қатысты сотқа талап арыз берді. Ол өзін бұрынғы қызметінен босатқанына келіспейді. Қамидолла «АЖ» тілшісіне талап арыз бергенін растады, бірақ түсініктеме беруден бас тартты.
Бізге облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, талап арыз 8 шілдеде Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының өндірісіне түскен.
Онда Қамидолла облыс әкімінің 2021 жылғы 05 мамырдағы өкімінің күшін жоюды сұрайды.
- Талап арызға сәйкес, Атырау облысының әкімі биыл 5 мамырда С.Қ.Қамидолланы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымынан босату туралы өкім шығарған. Өкімге Атырау қаласының №2 сотының үкімі негіз болған. Оған сәйкес, С.Қ.Қамидолла ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 1-тармағы («Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша кінәлі деп танылды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 65-бабының 1-тармағы («Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату») бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Талапкер соттан осы өкімнің күшін жоюды сұрайды, - деп хабарлады «АЖ» сауалына баспасөз қызметі.
Қазір іс қаралу кезеңінде. Алдын ала тыңдау 26 шілдеде өтті. Бұл іс бойынша сот отырысы 10 тамызға белгіленген.
Еске салсақ, биыл наурызда Қамидолланы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер пара алды деген күдікпен ұстаған еді. Тергеу ол жұмыс берушілерден әрбір қабылданған шетелдік үшін пара алды деп мәлімдеді. Бұл іс күтпеген жерден басқа бағыт алды. Наурыздың аяғында Құлсары мен Атыраудың бір топ тұрғыны, негізінен көпбалалы аналар мен мүгедек балалары бар аналар Қамидолланы қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етті. Бәлкім, осыған байланысты болар, іс «Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану» деген жеңіл бапқа өзгертіліп, 15 сәуірде №2 қалалық соты ҚР ҚК-нің 65-бабын («Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату») қолданып, Қамидолланы қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы қаулы шығарды.
Айнұр САПАРОВА