Атырау, 19 сәуір 09:09
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Сот Таубаевты тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырудан бас тартты

2 064 просмотра

Атырауда Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Тимур БАСАРОВҚА қатысты сот процесі жалғасуда. Адвокаттар Басаровты үй қамағына алмастыруды сұрады, бірақ судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА бұл өтінішті қабыл алмады.

Бұдан бұрын судья тергеу изоляторында ұстау шарттары туралы, сондай-ақ, Таубаевтың денсаулығы туралы ақпарат сұрады. УГ-157/1 әкімшілігінің жауабында былай делінген: «Мекемеге 2020 жылы 12 қыркүйекте келген Н.Таубаев 2021 жылдың 8 маусымы мен 23 маусымы аралығында денсаулығына байланысты облыстық ауруханаға жатқызылды. Тергелуші 8 адамға арналған камерада жатыр, бірақ оның операциядан кейінгі жағдайын ескеріп, камераға тек 4 адам ғана орналастырылған. Желдеткіші бар, камераның температуралық режимі құрғақ, диеталық тамақ беріледі. 12 маусымда облыстық ауруханада дренажды түтікті алу жоспарланған болатын, бірақ Таубаев ауруханаға апарудан бас тартты».

Судья Таубаевтың денсаулығы туралы облыстық ауруханадан алынған жауапты да оқыды, онда 13 шілдеде тексеру кезінде оның жағдайы қанағаттанарлық деп танылғаны көрсетілген. Сонымен қатар, 8-23 маусым аралығында Таубаев стационарлық емдеуде болып, 10 маусымда оған шұғыл операция жасалды, содан кейін науқастың жағдайы жақсарып, іш қуысынан дренаж алынды, деп көрсетілген.

Осы хаттарға сүйене отырып, сот операциядан кейінгі кезеңде Таубаевқа денсаулығын қалпына келтіруге қажетті жағдай жасалып жатыр, медициналық тексеру тиісті деңгейде өткізілуде және барлық қажетті дәрі-дәрмектер бар деп санады.

- Сотталушы Н.Таубаевтың қорғаушысы мен адвокат Н.Жолболовтың бұлтартпау шарасын анағұрлым жеңіл түріне өзгерту туралы өтінішінде көрсетілген дәлелдер расталмады, сотталушының операциядан кейінгі жағдайы қанағаттанарлық. Сотқа сотталушыны қамауда ұстауға кедергі болатын басқа жағдайлар, оның ішінде, медициналық көрсетілімдер ұсынылған жоқ. Сотталушы Н.Таубаевқа аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылғанын ескере отырып, сот қамауға ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырады, - деді судья.

Таубаевтың бұған өзін желдеткішпен және диеталық тамақпен УГ-157/1 мекемесі емес, өз туыстарының қамтамасыз етіп отырғанын айтты.

Ауруханаға жеткізуден бас тартуға қатысты ол операциядан кейін өзінің әлсіз болғанын, автозакпен жүре алмайтынын айтып түсіндірді:

- Бұдан басқа, ауруханада коронавирус жұқтырып алармын деп қорықтым. Тағы бір нәрсе: шын мәнінде мені 4 орындық емес, 6 орындық камерада ұстап отыр.

Қорғаушы судьяның шешімімен үзілді-кесілді келіспеді, оған судья:

- Сіздің апелляциялық тәртіпте шағымдануға құқығыңыз бар, - деді.

Содан кейін адвокат Амитов прокурордан бас тартатынын мәлімдеді. Оны сотталушының құқықтарын бұзу фактілеріне және қорғаушы тараптың заңды өтініштеріне еш әрекет етпейді деген уәжді алға тартты.  Ал сотталушы Таубаев өзінің қай камерада отырғаны тексерілгенге дейін процессті тоқтата тұруды сұрады.

Судья Амитовтың прокурорға наразылық білдіру өтінішін қарап, ҚР ҚПК-нің 87-бабына сәйкес, адвокат Амитов прокурордың бұл іске жеке, тікелей немесе жанама мүдделі екендігіне негіз болатын жағдайлардың ешқайсысын көрсетпеді деген уәжбен оны қабылдамау туралы шешім қабылдады.

- Егер қорғаушы тарап прокурордың пікірімен келіспесе, бұл оған қарсылық білдіруге себеп болмайды, - деді З.Хамидуллина.

Осыдан кейін судья сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер Қожақаев пен Жаңбырбаевтың Таубаевты тергеу изоляторынан алып келген «ДостарМед-Престиж» емханасына бару фактісі бойынша шығарылған жеке қаулыны оқыды.

- Сотта істі мәні бойынша қарау кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің мұндай әрекеттері жол бергісіз, - деді судья.

Содан кейін сот Н.Таубаевтың камераны тексергенге дейін процесті тоқтата тұру туралы өтінішін қабылдамады, өйткені бұл соттың құзыретіне кірмейді, бірақ прокурорға осы мәселемен айналысуды тапсырды.

 

«РЕСМИ РҰҚСАТ БОЛМАДЫ, БІРАҚ БӘРІ БІЛДІ»

Адвокаттар жәбірленушіден - ЖШС директорының орынбасарынан жауап алуды жалғастырды.

Таубаевтың адвокаттарының бірі Амитов:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінген кезде аурухана құрылысы қай кезеңде болды?

- Қазу және іргетасын құю жұмыстары кезеңінде. Модульді ғимаратты жеткізу жұмыстары жүріп жатты.

- Құрылыста қандай рұқсат құжаттар болды?

- Келісімшарт болды.

- Келісімшарт құрылысты бастау құқығын бере ме?

- Жоқ, бермейді.

- Заңды бұза отырып, яғни, рұқсат құжаттарсыз құрылысты бастауды кім сұрады немесе талап етті?

- Пандемия кезінде бұл нысанға шұғыл қажеттілік туындады, бәрі бұдан хабардар болды.

- Аурухана кімге керек болды, үкіметке ме, ТШО-ға ма?

- Мемлекетке, халыққа керек болды.

- Егер мемлекетке қажет болса, құрылыс құзырлы органдардың рұқсатымен басталған ғой? Сізге мемлекет қолдайды деді ме? Құрылысты бастауды кім талап етті?

- Бізден ешкім жеке талап етпеді, ТШО-ны міндеттеді және құрылысты бастау туралы ауызша шешім қабылданды.

- Яғни, сізден рұқсат құжаттарсыз бастауды өтінді ме?

- Иә.

- Кім өтінді?

- Әкімдік шешім қабылдады. Сол жерге әкімдік атынан облыс әкімі, аудан әкімі, денсаулық сақтау органдарының басшылығы барды. Таубаев пен Басаров та қатысты. Кеткеннен кейін құрылысты бастау туралы шешім қабылданды.

- Рұқсат құжатының болмауы құрылысты тоқтатуға немесе айыппұл салуға негіз бола ма?

- Иә, болады.

- Неліктен сіздерді тоқтатпады және айыппұл салмады?

- Бұл сұрақты маған қоймаңыз. Аурухана өте қажет болды, жағдайды бәрі түсінді.

 

40 МЫҢ ДОЛЛАР МЕН ЖАЛҒАН АҚША

Әрі қарай адвокат Амитов ақшаға қатысты сұрақтар қойды. Жәбірленуші бұрын айтқанын қайталады: Таубаев пен Басаровқа беру үшін ЖШС-нің кассасынан 40 мың долларды түсіріп алып, ал қалған соманы жалған ақша түрінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталушылар ұсталған күні бейнежазбамен берген.

- Сізге алдын-ала 40 мың долларды түсіріп алып келіңіз, ал қалғаны жалған ақша болады деп айтылды ма?

- Қалғаны жалған ақша болатынын  білмедім, маған айтпады. Мен өзімдегі бар ақшаны алып келдім.

Судья жәбірленушіден сол күні Таубаев сізді күтті ме деп сұрады. Жәбірленуші жоқ деп жауап берді, оның ақша алуға қатысты мәселені Басаровқа тапсырғанын айтты. Бірақ сол күні жәбірленуші Таубаевқа жеткізушілерге қатысты және құрылыс бойынша басқа мәселелерді талқылау үшін келген, өйткені Таубаев бұрын өзіне кез-келген уақытта хабарласа аласыз деп айтқан.

Адвокаттар одан ақшаны алып, неге бірден Басаровқа бармағанын сұрады. Жәбірленуші Таубаевқа ақшаның дайын екенін хабардар еткісі келгенін айтты. Ол бұл туралы оған айтқан кезде, Таубаев өзінің Түркістан облысына іссапармен кетіп бара жатқанын, бұл істі Басаровқа тапсыратынын айтқан. Біраз уақыттан кейін Басаров жәбірленушіге қоңырау шалып, сол күні ақша берілген. Сол кезде Басаровты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер ұстады.

Отырыс соңында судья барлық процеске қатысушыға бір-бірін сыйлау және жеке басқа тиіспеу қажеттілігі туралы, әйтпесе ұстамсыз қатысушыларға жеке қаулы шығарылатынын ескертті.

Айнұр САПАРОВА

27 шілде 2021, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.