Атырау, 29 наурыз 20:29
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Жұқпалы аурулар ауруханасының пациенті өзін «босатуды» талап етті

2 325 просмотра

Махамбет ауданында тұратын 29 жастағы әйел әлеуметтік желіге өзін Сарыөзектегі инфекциялық ауруханада еркінен тыс ұстап отыр деген ақпарат таратты.

- Дәрігерлер құжаттарымды тартып алып, мені еркімнен тыс ауруханада ұстап отыр. Мен коронавирус жұқтырған жоқпын, маған «семіздік» диагнозын белгілеген. Мен дәрігерлер мен коронавирусқа сенбеймін, мені үйге жіберіңіздер! Жалпы, бұл ауруханадан туыстарыңызды алып кетіңіздер! - деп жазды әйел, ашуға бой беріп.

«АЖ» бұл не жағдай екенін түсіндіріп беру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласты. Ондағылар инфекциялық ауруханада емделіп жатқан науқас К.Идрисова әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратты деп жауап берді.

- Орын алған жағдаймен қалалық прокуратура және барлық жетекшілік ететін жауапты қызметтерге хабардар етілді. Емделуші К.А.Идрисованың анасы ішке баса көктеп кіріп, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірді. Өзге емделушілердің де мазасын алды. Аурухана дәрігерлері анасына қызының коронавирустан емделіп жатқанын айтса да, құлақ аспаған. Жалған ақпарат таратқаны үшін 2 Атырау облыстық ауруханасының әкімшілігі К.Идрисованы сотқа беруге бекініп отыр, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.   

- Ол ауруханаға қандай диагнозбен түсті?

- Модульді ауруханаға Махамбет ауданының тұрғыны К.А.Идрисова «коронавирус инфекциясының ауыр түрі» диагнозымен түсті. Оның өкпесі қабынған (двустороннее смешанное полисегментарное воспаление легких). Науқастың жалпы жағдайы қазір тұрақталды. Есін біледі, емделуден үзілді-кесілді бас тартып, үйіне жіберуді талап етіп отыр.

Осы жағдайға байланысты Нұр-Сұлтан қаласындағы ахуал орталығымен, сонымен қатар ZOOM арқылы инфекционист, реаниматолог және гинекологтардың қатысуымен кеңес өтті.

- Науқаспен психолог сөйлесті. Оны жансақтау бөлімінен жалпы бөлімге ауыстырды, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы. 

Кейін белгілі болғандай, ол ауруханадан үйіне жіберілді.

Фархат ӘБІЛОВ

20 шілде 2021, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.