Атырау, 18 сәуір 08:50
 ашықВ Атырау +28
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Атырау сүңгуірлері: «Бүгін ешкім суға кетпесе екен»

Сурет Бейнежазба
1 783 просмотра

Атырауда жаз басталғалы суға кету оқиғалары жиілеген. Суда құтқарушылар бір маусым айында облыс бойынша он адамның суға кеткенін айтады. Ал шілде басталғалы бес адам суға кеткен. Жайық өзенінде құтқару жұмыстары қалай жүреді? Суға батып кеткен денені іздеп табу неге қиындап кетті? «АЖ» тілшісі сүңгуір-құтқарушылардың жұмысымен танысып қайтты.

Бүгінде Атырау облысы бойынша 66 құтқарушы бар, оның 33-і сүңгуір. Бұрын суда құтқару қызметі төтенше жағдайлар департаментіне қарасты бөлек құрылым болса, 2015 жылдан бастап авариялық құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құтқару жасағына бірікті. 

Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлік-құтқару бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы Есбол ДАРГУЖИННІҢ айтуынша, тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабының 1-тармағына сәйкес, ескерту берумен ғана шектеледі. Ал екінші рет ескерту алса, оған 2 АЕК көлемінде (5 834 теңге) айыппұл салады. Айыппұлды су полициясы салады. Ал сүңгуір-құтқарушылар ескерту беріп, ақпараттық-насихаттық парақшаларды үлестіруден әрі аса алмайды.

- Қазір біз су полициясымен бірге күніне Жайық өзеніне бірнеше рет рейдке шығамыз. Адамдар ескертуімізді елеп жатқан жоқ. Айыппұл көлемін көбейту керек пе еді? – дейді Даргужин.

Құтқарушылар су бетінде және су астында құтқару жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, жағажайдың су астын тексеріп, қалдықтарды тазартады. «Бүгін ешкім суға кетпесе екен» деген тілек суда құтқарушылардың қызметке кіріспес бұрын күнделікті қайталайтын «мантрасына» айналған.

Есбол Даргужин бұрын болған бір жағдайды еске алды: «Әдеттегідей өзен бетінде рейд кезінде Мечников көпірі тұсында бірнеше жігітке «бұл жерде суға түсуге болмайды» деп ескерту жасадық. Біз кеткеннен кейін әлгілер тыңдамай, қайта келген. Кейін жарты сағат болмай, дәл сол жерде «бір жігіт суға кетті» деген суыт хабар жетті...».


КӨПІРДЕН СЕКІРМЕК БОЛДЫ

Құтқарушылар рейдке шықты, мен де ілестім. Катерге отырып, енді қозғала бергенде Жилгородоктағы жаяу көпірдің үстінен бір ер адам секіріп кетті деген шұғыл қоңырау келіп түсті. Біз бірден сол жаққа қарай бағыт алдық. 1-сыныпты сүңгуір Роберт ГУМАРОВ суға секіруге дайындалып, кислород баллонын тексеріп жатты.

Міне, көпірге де жеттік. Дәл ортасында сәби көтерген біреу тұр. Бірақ, секіруге оқталып тұрғанға ұқсамайды. Суда да айқайлап көмек сұраған ешкім көрінбейді. Көпірдің жанындағы биыл ашылған «Луч» шағын жағажайында адамдар суға шомылып жүр. Жалған дабыл екен. Жағажайда кезекшіліктегілердің бірінің айтуынша, көпір үстінде мас ер адам секірмек болып, аяғын көпір қоршауына көтерген, бірақ өтіп бара жатқан екі жігіт көріп қалып, әрі қарай қауіпсіз жерге алып кеткен.

Кері қарай жүргенде Әлиев көпірінде бетоннан суға секіріп жатқан жасөспірімдерді көрдік. Арасында қыз балалар да бар. Біздің ескертуімізден соң олар жан-жаққа қашып кетті. Бірақ, біз кетіп қалған соң, кері көпір түбіне жақындай берді.

- Айттым ғой, тыңдамайды, көз алдап, қайтып келеді. Суға кетіп жатыр деген хабарды естісе де елемейді. Ал бұл жерде темір бар, бірде бір бала секіремін деп басын жарып алып, мерт болған, - дейді рөлде отырған 2-сыныпты бас құтқарушы-сүңгуір Берік ҚҰДАШЕВ.

СУ АСТЫНДА ЕШТЕҢЕ КӨРІНБЕЙДІ

Құдашев 2011 жылдан бері сүңгуір болып жасайды. Оның тәжірибесінде қайғылы оқиғалар көп кездескен. Ол суға батып кеткен денені алғашқы сағатта таба алмаған жағдайда әдетте жаздың күні 3-4 күннен соң өзі қалқып шығатынын, ал қыста апталап, айлап уақыт өтетінін айтады. Мәселен, 2013 жылы қарашада Құлсарыда Қамыскөл көлінде қайықпен балық аулуға шыққан әкесі мен баласы суға батып кеткен. Төрт ай іздепті олардың денесін. Кейін мұз ерігенде табылған екен.

Ол қазір өзенге батқан денені іздеп табу неліктен қиынға соғатынын айтып берді: Жайықтың ластығынан ештеңе көрінбейді. Оған қоса, өзен түбінде әйнек, шыны сынықтары, темір, тас, бетон, сым секілді басқа да қатты тұрмыстық қалдықтар көп. Оған балықшылардың аулау жабдығы мен салған ау-торларын қосыңыз. Сол себепті сүңгуірлер суға кетті деген жерге бірден түсе кетпейді, әуелі қалдықтардан тазалап алады.

Сүңгуірлер денені су түбінде қолмен сипалап жүріп іздейді. Өзіңіз елестетіп көріңіз, бірнеше шақырымға созылған өзен түбін сипап шығу үшін қанша уақыт кетеді. Қолмен сипалап жүріп бірнеше рет қолын әйнек не темір кесіп кеткен кездер де болған. 

- Су астынан денені тауып алғаннан кейін кесіп кеткен жеріңді ұмытып кетесің ғой, - дейді 37 жастағы сүңгуір Роберт Гумаров. Жақында ол Қарағандыда оқу-жаттығуда болып, ең жоғары 1-санатқа ие болған. 17 жылдық тәжірибесі бар ол 2004 жылы әуелі құтқарушы, кейін 2007 жылдан бастап сүңгуір болып ауысты. Өз жұмысын жақсы көреді. Адам өмірін құтқаруды сезіну шынайы бақыт сыйлайтынын жасырмайды. Айтпақшы, қоңырау шалатын телефон нөмірі 102 немесе 103 емес, 112 немесе 27-14-03.

Гумаровтың айтуынша, қалдықтан басқа Жайықта теріс ағыс секілді қауіп те бар:

– Негізінен олар көбіне Бесікті, Алмалы, Талғайраң ауылдарында болады. Әсіресе, мамыр-сәуірде кезедседі. Сосын су келгенде тік жарларды су шайып, құлайды. Бұл да қауіпті.

- Жайықта тағы қандай қауіпті аумақтар бар?

- Бұрын су тереңдеу болғанда «снасть, петля, крючок, сетка» көп салатын. Қазір бұл азайды. «Сетканы» сырт жаққа салмаса, қаланың ішінде жоқ. Бір-екі рет «снастьқа» біз де іліндік. Әлиев көпірінің бер жағында, қазіргі абаттандырылған жағалау маңында. Сосын Әлиев көпірінің астында үлкен темір жатыр. 2017 жылы бір жылдың ішінде бірталай жасөспірім бала содан секіреміз деп суға кетті. Сосын Жайықты арғы бетіне жүзіп өтеміз деп суға кетіп қалып жатады. Мысалы, маусымда Балықшыда екі бала жүзіп өтеміз деп, біреуі ортасына келгенде батып кетті.

БІР СӘТ СҮҢГУІР БОЛЫП КӨРУ

Өзімді сүңгуірдің орнында сезінбек болып, жаңа таныстарымның көмегімен сүңгуір-тыныс алу аппараты мен масканы кидім. Мұның бәрі зілдей екен, керек-жарақтар шынымен ауыр. Одан бөлек, қорғасыннан тізілген жүк белдігін тағады. Бірақ, мен тақпадым, ондай салмақты көтере алмас едім (белдік тереңдікке тез жету үшін қажет).

Сүңгуір секілді алғаш рет су түбіне сүңгідім.. Айта кету керек, бұл ұзаққа созылмады, шамамен бір минуттай шығар. Содан кейін ашық ауаға шығуға тырыстым. Үйреткендей сигнал бердім, сөйтіп, су бетіне шығарып алды. О, құдайым, қандай керемет еді!

Сүңгуірдің белдігі

...Берік Құдашев өзеннің астында сүңгуірлер 30 минуттан 1 сағатқа дейін жүре алады дейді. Онда да әр адамның ағза жұмысының ерекшелігі болатындай, өкпе жұмысының ерекшелігіне байланысты. Терең сүңгіген сайын, оттегі түтігінен дұрыс ауа жұту да маңызды екен:

- Қысым қысқан сайын ауаны көп жұтасың, ондай кезде өзің де шаршайсың, тез демалсаң, ауаны тез бітіріп тастайсың. Бір темп ұстап алу керек. Егер жайлап деміңді алсаң, су астында ұзақтау жүре аласың. Мысалы, 45 минутқа дейін жүруге болады, - дейді ол. 

- Ал аппараттағы оттегі бітіп қалса ше?

- Ол үшін сигнал жібі бар екенін білесіз. Шұғыл жағдайда белгі берсе, су бетіндегі әріптестері жіпті өздеріне тартып, тезірек шығарып алуға тырысады.

Сүңгуір жұмысы ауыр әрі өте қауіпті. Сізге мықты ерік-жігер және бұл мамандықты жақсы көрмесеңіз, ұзаққа бармайсыз.

- Талай жігіттер, оның ішінде спортшысы да бар, жұмысқа тұрмақ болған. Бірінші сүңгігеннен кейін-ақ, көпшілігі бас тартады. Азы ғана қалады, міне, бізге қажеті осылар, - дейді менің сұхбаттасушыларым.  Айтпақшы, олар сүңгуірлердің зейнетке шығу жасын қысқарту керек деп санайды. Қалай дегенмен де, олар 60-тан асқан әріптестерін кездестірмепті.

Айнұр САПАРОВА 

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор 

26 шілде 2021, 15:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.