24 маусымда Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер Жылыой аудандық полиция бөлімінің азаптау қылмысына күдікті екі жедел уәкілін ұстады.
«AЖ»-ға белгілі болғандай, 26 жастағы екі полицей ұрлық жасады деген күдікпен Құлсары қаласының тұрғынынан мәжбүрлеп мойындау жауабын алған. Соққыға жығылған құлсарылық полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеті туралы Антикорға шағымданды. Полиция күнін тойлағаннан кейін полицейлер ұсталды. Оларға қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша – 146-баптың 2-тармағының 1-тармақшасы ("Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған азауптаулар") және 362-баптың 4-тармағының 1-,3-тармақшасы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Атырау облысының полиция басқармасы өз қызметкерлерінің ұсталу фактісін растап, бұл факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
Ұсталған полиция қызметкерлері Атырау қаласына жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Фархат ӘБІЛОВ