«Әлемдік және отандық тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономиканың дамуы және тұрғындардың қаржылық жағдайының айтарлықтай өсуі қаржы пирамидалары қызметінің белсенділігінің артуына түрткі болады. Олардың ерекшеліктері сол, құйылған инвестицияның кірісі әрбір қосылуы ықтимал жаңа салымшыға өзге де жаңа салымшыларды және ақша қаражатын тарту есебінен төленеді. Салымшылардың бастапқыларына кейінгі клиенттердің есебінен көп табыс төлеуге уәде бере отырып, ақша қаражатын салуға итермелейді. Осылайша, пирамиданың «төменгі» жағындағы көптеген адамдар жоғарыдағы азшылыққа ақша төлейді және олар әдетте ешнәрсесіз қалады. Бірақ қаржы пирамидасы жосықсыз жарнамалау көмегімен сырттай қарағанда елеулі кепілдіктері бар сенімді жоба болып көрінеді», - делінген хабарламада. Осы мәселелерді ескере келе, сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура Ұлттық Банкпен және өзге де мүдделі органдармен бірлесіп «Кейбір заңнамалық актілеріне қаржы (инвестициялық) пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген. Заң жобасының басты мақсаты, ең алдымен, елімізде қаржы пирамидаларының жолын кесу және жұмыс істеуіне жол бермеуге, қаржы пирамидаларының қызметімен байланысты құқыққа қайшы әрекеттерден азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық база қалыптастыру болып табылады.
Құжат жобасы Бас прокуратураның ресми сайтына да орналастырылған.
Дереккөз: inform.kz