Атырау, 31 шілде 10:05
 ашықВ Атырау +35
$ 424.44
€ 504.91
₽ 5.81

Жаңаөзендегі зауытта болған өрт: директоры химиялық заттар шықпағанын мәлімдеді

2 109 просмотра

Жаңаөзендегі "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС директоры Нақберген Төлепов кәсіпорындағы өртке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кеше жергілікті уақыт бойынша сағат 22.15-те компрессорлық цехта ауа салқындату аппараты жанып кетті. Дереу өртті оқшаулау және сөндіру бойынша шаралар қабылдадық. Зауыттың жұмысы толық тоқтатылды. Өртті сөндіруге ТЖД жеке өрт сөндіру жасағы жұмылды. Сағат 22.52-де өрт толық сөндірілді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ", - деді Төлепов.

Оның айтуынша, сағат 23.30-да мамандар кәсіпорынды шектеулі режимде іске қосқан. Қазіргі уақытта зауыт жүктемесі шамамен 30 пайыз. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, Төлепов өрт салдарынан ауа салқындату аппаратының тірек құрылымы ғана зақымданғанын айтты. Бұл жағдайда негізгі жабдық зардап шеккен жоқ.

Сонымен қатар, "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС директоры оқиға кезінде химиялық заттар шыққанына байланысты әлеуметтік желілерде таралған қауесеттерді жоққа шығарды. Ол алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

"Бұл жабдық шикі газды ауа-су әдісімен, яғни қарапайым сумен және ауамен салқындату үшін қолданылады. Бұл жабдықта химиялық заттар қолданылмайды. Сондықтан персоналдың да, халықтың да өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбейтінін жауапкершілікпен айта аламын", - деді кәсіпорын директоры.

Оның айтуынша, зауыттың жұмысы жақын арада толық қалпына келеді және сұйытылған мұнай газбен қамтамасыз ету бойынша ешқандай іркіліс күтілмейді.

Айта кетейік, 16 маусымда кешке Жаңаөзендегі өндірістік аймақ аумағында алапат өрт шыққан болатын. Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Назарәлі Селимовтың айтуынша, өрт "ҚазГӨЗ" ЖШС аумағында шамамен 980 шаршы метр аумақта компрессорлық цехта шыққан. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

17 маусым, 09:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.