Атырау, 21 маусым 22:15
 ашықВ Атырау +27
$ 427.82
€ 509.75
₽ 5.93

Лавров ресейлік саясаткерлердің Қазақстан туралы мәлімдемесін сынға алды

2 336 просмотра

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресейлік саясаткерлердің мәлімдемесін "күмәнді әрі арандатушы сипатқа ие" деп атады. Оның сөзінше, мәлімдеме жасаушының кейбірі дәл осындай жолмен өзіне назар аудартуға тырысқан. Бұл туралы саясаткер "Хабар" агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды sputnik.kz.

"Саясаткерлер өз карьерасын әртүрлі жолмен құрады. Сенсация іздейтін саясаткерлер бар. Арасында өздерінің бар екенін көрсетіп, жұрт назарын аудару үшін қарама-қайшы болып көрінгеніне қарамастан шиеленісті сауал қойса жеткілікті деп ойлайтын саясаткерлер кездеседі. Бізде "жақсы ма, жаман ба – бәрібір, бастысы сен туралы газетте жазса болды" деген сөз бар. Мүмкін бұл соған байланысты шығар. Алайда Ресей Федерациясының Қазақстанға қатысты саясатын анықтайтын тұлғалар тарапынан қандай да бір уағдаластықтарға күмән келтіретіндей мұндай мәлімдеме жасалған емес және жасалмайды", - деді Ресей сыртқы істер министрлігінің басшысы.

Ол Ресей мен Қазақстан бір-бірінің егемендігін, аймақтық тұтастығын, саяси тәуелсіздігін толық құрметтейтінін айтып өтті.

"Біз мемлекет басшылары келіскен және қол қойған, парламенттер мақұлдаған және Заң болып саналатын, халықаралық құқықтың бөлігі саналатын құжаттар негізінде одақтастықты дамытып жатырмыз", - деді Сергей Лавров.

"Менің ойымша, саясаткердің, кей парламентшінің мұндай күмәнді, арандатушылық мәлімдемелері демократиялық өмірдің бір бөлігі. Ең бастысы екі ел халқының арасындағы қалыпты қарым-қатынасты нығайтпайтын мұндай мәлімдемелер пікірталас ретінде ғана шектелуі керек. Біздің қарым-қатынастың халықаралық-құқықтық негізін бұзатын мұндай мәлімдемелер шынайы саясатқа ешқашан сай келмейтінін сенімді түрде айта аламын", - деп түйіндеді Ресей министрі.

Ресей депутаттарының пікірі

Айта кетейік, бұған дейін "Единая Россия" партиясының мүшесі, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никонов "Бірінші арнадағы" бағдарламаның эфирінде "Қазақстан аумағы – Ресей мен Кеңес Одағы тарапынан жасалған үлкен сыйлық" деп айтқан болатын. "Единая Россия" партиясының тағы бір мүшесі, Мемлекеттік думаның депутаты Евгений Федоров Никоновтың пікірімен келісіп, Қазақстан өз жерін Ресейге беруі керек деген ой айтты.

Кейінірек Никонов Қазақ КСР шекарасын анықтау кезінде Қазақстанның мүддесі толық көлемде сақталғанын айтты.

Содан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресейлік кейбір депутаттардың мәлімдемесі Ресейдің ресми ұстанымына сәйкес келмейтінін жеткізді.

Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин бұл жөнсіз мәлімдемелер Кремльдің ресми ұстанымына қайшы келетінін атап өтті. Қазақстан мен Ресейдің күн тәртібінде шекаралық дау-дамай жоқ.

6 мамыр, 10:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.