Атырау, 12 қазан 03:22
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Оқиғалар тізбегі

3 450 просмотра

«Мотоцикл» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 22 сәуірде сағат 23:40 шамасында Махамбет көшесіндегі №116 үйдің жанында патрульдік полиция қызметкерлері скутерді тоқтатты. Оның жүргізушісінің куәлігі жоқ екен. Ал 5 жылдан бері ҚР-да мопед пен скутерді тіркеу және жүргізуші куәлігінің болуы міндеттелді. Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігі («Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны басқаруы») бойынша хаттама толтырылып, 58 340 теңге көлемінде айыппұл салынды. Скутер арнайы тұраққа қойылды.

* * * * *

«Отбасы және бала» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 12 және 17 жастағы балаларының көзінше ішімдік ішкен 45 жастағы Атырау қаласының тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ПД мәліметі бойынша, 2021 жылдың қаңтарынан бастап олар полиция басқармасында «қолайсыз отбасы» ретінде есепте тұр. Бұған дейін әйел дәл осындай қателігі үшін жауапқа тартылған еді. ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша хаттама жасалды. Жиналған құжаттар Атырау әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға осы азаматшаның ата-ана құқықтарын шектеу туралы ұсыныспен жіберілді.

Атырау қалалық полиция басқармасында 89 «қолайсыз отбасы» есепте тұр, онда 190 кәмелетке толмаған бала бар.

* * * * *

Полиция жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп Махамбет, Индер, Мақат, Қызылқоға, Исатай және Құрманғазы аудандарында аудандық және облыстық маңызы бар жолдарға көктемгі тексеру жүргізді. «Құрманғазы – Байда» тас жолының 29 шақырымына дейінгі және «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» тас жолының 87 шақырымына дейінгі учаскелерінде елеулі кемшіліктер анықталды: шұңқырлар, жолдағы кедір-бұдыр жерлер, бүлінген жол белгілері. Тексеру қорытындысы бойынша 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

* * * * *

19 сәуірде сағат 19 шамасында 102-ге қала тұрғыны хабарласып, белгісіз адам Құрсай ауылындағы Ақжонас көшесінде газ құбырымен соқтығысып, қашып кеткенін айтты. Көп ұзамай патрульдік полиция қызметкерлері 43 жастағы «КамАЗ» жүргізушісін анықтады. Ол өз кінәсін толық мойындады. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі («Көлiк құралдарын немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы») және 611-бабының 2-бөлігі («Жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы») бойынша хаттама толтырылды. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

28 сәуір 2021, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.