Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов активке жаңа орынбасары Нариман ТАУШОВТЫ таныстырды.
Нариман Таушов 1967 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Еңбекші ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын ауылшаруашылық өндірісінің экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша үздік бітірген. Сондай-ақ Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 1993 жылы Орал қаласы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының салық инспекторы болып бастаған.
1994-2001 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша Салық комитетінде бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, басқарма бастығы, сондай-ақ комитет төрағасының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеген.
2001-2002 жылдары Маңғыстау облысының, ал 2002-2005 жылдары Батыс Қазақстан облысының Салық комитетінің төрағасы.
2005-2007 жылдары Батыс Қазақстан облысы Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алулар басқармасының бастығы, 2007-2010 жылдары Атырау облысы Салық комитетінің төрағасы, 2010-2013 жылдары Орал қаласы Салық басқармасының басшысы болған.
Ал 2013-2015 жылдары «Аққамыс» АҚ төрағасының кеңесшісі, 2015-2020 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Атырау облысы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып қызмет еткен.
2020 жылдың наурыз айынан бастап бүгінге дейін Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымында еңбек етіп келді.
Таушов әкімнің қаржы жөніндегі орынбасары қызметіне жайғасып, Ақ үйдің байырғы қызметкері Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВАНЫ алмастырды.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Әжіғалиева президент әкімшілігінің келісімімен, мемлекеттік қызметшілерді ротациялау қағидаттарына енгізілген өзгерістерге сәйкес қызметінен босатылды. 10 жылдан астам уақыт Бергей РЫСҚАЛИЕВ, Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ және Нұрлан НОҒАЕВ басқарған кезде әкімнің орынбасары болып жұмыс істеген ол әкімдіктегі қаржы қызметіне жауапты болды.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған сурет