Атырау, 29 қараша 21:49
 ашықВ Атырау -4
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Ортан терек

5 924 просмотра

Көптеген БАҚ-тар хабарлағандай, таяу күндері ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қайрат МӘМИДІҢ кортежіне сол жақ қолының ортаңғы саусағын көрсеткені үшін 21 жастағы павлодарлықты 5 тәулікке қамауға алған болатын. Сөйтсек, жоғары шенді тұлғаларға осындай ишара білдірген алғашқы қазақстандық ол емес екен. Менің әріптесім –«West Kazakhstan Today» газетінің («АЖ» газетінің ағылшын тілді қосымшасы) редакторы Зинат ОРЫНБАСАРОВА сонау 2005 жылы өзінің өнегелі өмірбаянына дәл осылайша кір жұқтырғанын есіне түсірді.

Ол кезде Зинат шетелде бірнеше жыл тұрғаннан кейін, елге жаңа ғана оралған беті екен. Әлі жұмысқа тұрмаған ол өзінің қыш-құмыра жасайтын шеберханасын салып, Сарайшық пен Атыраудың екі ортасында (шамамен 45 шақырым) өзінің ескі жигулиімен бірер күнге жалданған құрылысшыларға құрылыс материалдарын тасып беріп жүретін.

- Жоғары шенділердің жиі сапарлатуы бізді, қаланың қарапайым тұрғындарын шаршатып жіберетін. Қыркүйектің аптап ыстық күні еді, +40 градус шамасында болды-ау деймін.  Цемент тиеп алған едім. Құрылысшыларым іргетасын құюды бітірмек болатын, бірақ жұмыстары тоқтап қалды. Өйткені мен Азаттық даңғылының оң жақ жолағында шыжыған күннің астында ешқайда шыға алмай қаңтарылып тұрып қалдым. Сол жақ жолақ толықтай көліктерден тазартылған. Осыдан бір күн бұрын басқа жердегі көлік кептелісінде тағы екі сағаттай уақытым кетті. Әлдебір шенеунік келген екен, ал одан бір күн бұрын қаптаған көлікті қаладан шығар жерде үш сағат бойына өткізбей қойды. Біреуді Сарайшықтан (ол жерде мұражай мен 7 хан ордасы орнының қазбалар бар) қалаға әкеле жатыр екен. Өзіңіз ойлап қараңыз, бірде бір дүкен, күннен қорғанатын қалқа да жоқ. Құрылыс орнына жеткен кезде бір шелек суды сіміріп алғаным есімде.

…Бір кезде ақырындап кортеждің қарасы көрініп, Зинаттың машинасымен теңесе бергенде, ол машинасының әйнегін төменірек түсіріп, өтіп бара жатқандарға саусағын шығарып көрсетіпті. VIP көлігінде сол кездегі премьер-министр Даниал АХМЕТОВ пен Атырау облысының әкімі Аслан МУСИН отырған екен.

- Олар мұны көрді ме?

- Көрді-ау деймін. Бірақ мен мұны бұзақылық пиғылмен емес, ашынғандықтан жасалған ишара деп есептеймін.

Бір кезде жол да ашылыпты. Бірер минуттан кейін шамдары жыпылықтаған машина оны қуып жетіп, есеңгіреп қалған полицейлер тыныштық бұзушыны ұстап алып, жауап алу үшін ҰҚК-не жөнелтеді. Содан соң ҚІІБ-на апарады.

- Мені әлдебір орынға апарды, есіктің орнында темір тор болғаны, ал артқы жағында унитаз тұрғаны жақсы есімде қалыпты. Сол жерде түрі қорқынышты бір адам отырды. Енсіз дәліздің ұзына бойы осындай еді. Мені үнсіз ғана темір торға жармасқан осы адамдарға қарсы отырғызып қойды. Әбден қорқытып алғысы келген сыңайлы.

- Ал сіз қорықтыңыз ба?

- Жоқ-тағы, - деді Зинат менің сұрағыма таңданып. – Сол жерде маған түсініктеме жазуды бұйырды. Содан соң сот болды. Мен өз тарапымнан еш әрекет жасамадым деп мойныма алмадым. Судьялар әбден абыржыды. Рацияның ар жағынан оларға кортеж күзеті айқайлап жатты. «Жазасын беріңдер!» деп айқайлаған дауысты естідім, ал судьялар: «Бұл ишараның біздің елімізде еш мәні жоқ, қандай баппен соттаймыз?!» деп жауап берді...

Оларға премьер-министрдің күзет қызметінің қалай қысым көрсеткенін көрдім. Ақырында судья менен өз кінәмді мойындауымды өтініп, аз жаза қолдануға уәде берді. Ол сөзінде тұрып, маған әлдебір ұсақ әкімшілік құқықбұзушылық жасады деген айып тақты. Қандай айып екені есімде қалмапты. 900 теңге айыппұл салып, үйге босатып жіберді. Үйіме кеште бір-ақ жеттім.

- Жолыңыз болған екен.

- Иә, солай шығар. Бірақ, білесіз бе? Шенеуніктердің қолайына жағу үшін бүкіл қаланың тірлігіне нұқсан келтірген, жолдарды жауып, мағынасыз кептелістер тудырған сол сапардың соңғысы болғаны жақсы есімде қалыпты. Бәлкім, менің сол кезде шығарған саусағым осыған себепші болған шығар деп өз өзімді жұбатып қоямын, қалай ойлайсыздар?

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

17 қаңтар 2013, 23:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.