Атырау, 23 қараша 02:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Еліктірген ерекше кеш

6 085 просмотра

Дүйсенбі күні, қала тұрғындары жұмыс аптасының алғашқы күнінен енді ес жиып жатқанда, жаңа жылдық мерекелерді ұйымдастырған қаладағы шығармашыл зиялы қауым демалуды ұйғарып, өздері үшін бал-маскарад ұйымдастырды.

БАРАК ОБАМА МЕН ДЖЕК ВОРОБЕЙ

Қаладағы мейрамханалардың біріндегі фойеде ертегі әлеміндегідей сиқыр орнаған: келбеті көз тартатын Қаршақыз өзінің қаракөк бұйра шашын түзесе, бетперде киіп, жадағай жамылған Зорро сылқ-сылқ күлген сыған қызының құлағына әлденені сыбырлап жатыр, Барак Обама, Бурлеск патшайымы, Ақшақарлар мен шығыс арулары айна алдынан шықпай жүр. Олардың жанынан киіміндегі зүбаржат қабыршақтары жалт-жұлт етіп, су перісі өтіп барады. Қанқұмар Чаки бүгін қалыңдықсыз келіпті. Көшенің ана бір шетінде шылым тартып қойып, әйнек арқылы ханшайымдар тобын бақылап қарап тұр. Шамасы, «құрбанын» іздеп тұрған болуы керек. Қарақшы Джек Воробей әйелдер әжетханасының алдында өзінің қара патшайымын сырбаздана күтіп тұр. Ковбойлар тобы пайда болғанда, ыңғайсыздана қолындағы әйелдер клатчын артына жасыра қойды... «Еркебұлан Продакшнның» ұшатын камералары – осы кештің ғажайыпқа толы коктейлінің соңғы бөлшегі еді.

…Мультфильм мен кино кейіпкерлері аң-таң әрі ерекше абыржулы. Мұндай шара қаланың бүкіл тарихында алғаш рет өткізіліп отыр. Ең қызығы – әрі қарай не болатынын ешкім де білмейді. Ереже осындай.

 

ӨЗ ОРТАСЫ

Зал іші біртіндеп тола бастады: үстел-көйлек киген қыздар сусындар мен жеміс-жидектер ұсынуда. Меймандар Оскар жүлдесін алғандай кейіпте бір-бірімен фотосуретке түсіп, көңілдерін алдандыруда. Көрініс толық болу үшін шарылдап шыңғыратын фанаттар жетіспей тұр.

Бұлар кімдер? Асаба әрі әнші Анжела ГОРЕЛОВА, әнші Марина МАГОМЕДОВА майда дауысты қызы Маргаритамен бірге, фотограф Вадим МУСИН, музыкант әрі әнші Жәнібек АМАНИЯЗОВ, саксофоншы РАФАЭЛЬ, диджей SOLO, әншілер Елена ЕРАЛИНА мен Кристина ЛОБИКОВА, талғампаз Евгений МАМЫКИН, шоумендер-энерджайзерлер Дамир УРОЗГАЛИЕВ және Никита ГУЩИН

…Радиодиджейлер мен композиторлар, продюсерлер мен сұңғақ бойлы “Атырау аруы” байқауына қатысушылар, шоу-балет өкілдері мен драма театрының актерлары, скрипкашылар, дуэттер мен триолар... Бұл танымалдары ғана, ал басқалары құпия боп қалуды жөн деп тапты.

Бәрінің көкейінде тіс қаққан осындай жұртшылыққа сауық-сайран құруға кімнің батылы жетті екен деген сұрақ туды. Сөйтсек, олар КВН-шілер Махамбет ҚАДЫРҒАЛИЕВ пен Қуандық ДОСБОЛАТҰЛЫ екен:

- Бұл адамдар бүкіл жаңа-жылдық демалыс бойына халықтың көңілін көтеріп, өздеріне сирек көңіл бөледі. Біз де солар үшін мереке ұйымдастыруды ұйғардық,- дейді Қуандық, - Мерекені санаулы күнде дайындадық: шақыртулар таратып, костюмде-рін киіп келуді ұсындық. Біздің идеямыз шығармашыл жандарға осылайша ұнайды деп күтпеп едік. Иә, оларды таң қалдыру қиын. Сондықтан карнавал ұйымдастырдық. Ал қалғанын біз меймандардың өздеріне қалдырдық. Олар өз таланттарымен бір-бірін таң қалдыруға қабілетті ерекше жандар ғой. Бәрі керемет боп шықты!

Кеш шынымен де ертегідей болды. Дегенмен, олар да біз сияқты адамдар ғой. Сондықтан да түн ортасы ауғаннан кейін әртістер өздерін босаң ұстап, арқаларын кеңге салып, көңіл көтерді. Шарап өзендей ағылды, ес тандырар билер де болды, сыпайы да дөрекі әзіл-қалжыңдар айтылды, ішек-сілені қатырған күлкі де болды, бір-бірімен сөзге келіспей қалған жағдайлар да орын алды (онсыз мереке қызық болмайды ғой).

Кеш басталарда жүргізушілер: «Ертеңгі күні бір-біріміздің бетімізге қарауға ұялатындай болып көңіл көтерейік!» деп хабарлаған болатын. Бұл кешікпей youtube-те пайда болады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суреттерді түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

17 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.