Атырау, 20 сәуір 12:15
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

"Әріптестері суға батырды": СҚО-да көз жұмған полицейдің әпкесі Тоқаевтан көмек сұрады

3 436 просмотра

Әлеуметтік желіде Дана Ахметова есімді қолданушы інісі полиция капитаны Қасенбай Ахметовты әріптестері суға батырып жібергені туралы жазып, мемлекет басшысынан көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі. 

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен, Дана Қазбекқызы Ахметова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, сізден көмек сұраймын. 2020 жылдың 6 маусымынан бастап отбасыма қатысты болып жатқан әділетсіздікпен бөліскім келеді. Мен Ақмола облысы Зеренді ауданының полициясы мен прокуратурасы, Көкшетау қаласының, Ақмола облысының полиция департаменті, Ақмола прокуратурасы тарапынан болып жатқан заңсыздықтарға көз жеткізіп, тиісті жазасын бергендеріңізді қалаймын", - дейді Дана Ахметова. 

Ол інісі Қасенбай Ахметовтың тапсырма орындау барысында аса ауыр қылмыскерді ұстағаныны, одан пара алмағаны үшін әріптестері інісін суға батырып жібергенін айтады. Қазіргі таңда тергеу тоқтатылып, полицейдің суға батып кетуі оқыс оқиға ретінде тіркелген. Алайда, туыстары ер адамның денесінде күш көрсету белгілері байқалған деп отыр. 

"Менің інім Ахметов Қасенбай Қазбекұлы, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласының полиция капитаны, жедел уәкілі, қызметтік міндеттерін орындау кезінде, аса қауіпті қылмыскер А.Мурадянды ұстау кезінде Ақмола облысының Зеренді ауданы, Красный Кордон ауылына барған. Інім сыбайлас жемқорлық әрекеттерге келіспегендіктен жасанды су қоймасына күшпен батырылды. Кейіннен құзырлы органдар ауыр қылмысты жазатайым оқиға ретінде көрсетті. Інімнің денесінде және мойынның жұмсақ тіндерінде қою қызыл түсті қан кетулері мен дене жарақаттарының болуы күшпен өлтірілгенін растайды", - дейді ол. 

Тіпті отбасы кінәлілерді жазалау үшін ер адамның денесін қайта ашқызуға дайын екенін жеткізді. Сот сараптамасының дұрыс жүргізілмегенін айтқан Дана Ахметова нақты бірқатар деректер келтірді. 

"Сот сараптамасында інімнің бойын 173 см деп көрсетеді негізі оның бойы 178 см болатын. Оған қоса, сараптама нәтижесінде інімнің аты-жөні дұрыс жазылмаған. Негізінде аты Ахметов К.К. болуы керек еді. Бірақ нәтижеде Ахметов Е.К. деп жазылған. Оған қоса, жыныстық тұрғыдан әйел адамның денесі зерттелуі мүмкін деп ойлаймын. Тіпті бұған көзімізді жеткізу үшін отбасы мәйітті эксгумациялауға келіседі. Інімнің денесін ашып, қайта тексеру жасауын қалаймыз. Өйткені сот сараптамасының әділ өткеніне сенбейміз", - дейді Дана Ахметова. 

Оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Олар оқыс оқиға болғанын, сот сараптамасы нәтижесі де бұл деректерді растағанын айтады.

"2020 жылы 6 маусымда сағат 22:00-де Зеренді ауданының кезекші станциясына Ахметов К. Красный Кордон кентіндегі "Лукоморье" демалыс аймағында суға батып кетті деген хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен құтқару қызметінің қызметкерлері жіберілді. 7 маусым таңғы сағат 6 шамасында суға батқан адамның денесін сүңгуірлер жағаға алып шықты. Суға бату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның барысында суға батып кеткен К.Ахметов Петропавл қаласының полиция департаментінің қызметкері екендігі анықталды", - дейді СҚО полиция департаменті. 

Оған қоса, "әріптестері арнайы суға батырып жіберген" деген дерек расталмаған көрінеді. Өйткені, куәгерлердің айтуынша, Ахметовты құтқару үшін әріптестерінің бірі суға түскен. Алайда, оны құтқару мүмкін болмаған. 

"Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, К.Ахметовтың өліміне суға батып кету салдарынан асфиксия себеп болған. Оның денесінен жарақаттар табылған жоқ. Суға батқан кезде К.Ахметовпен бірге "Лукоморье" демалыс аймағының жағасында Петропавл қаласы полиция басқармасының тағы 5 қызметкері болған. Куәгерлердің сөзінше, қызметкерлердің бірі Ахметовті құтқармақ болған. Бірақ күші жетпепті", - дейді СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Қазіргі таңда Ахметовтің суға бату фактісі бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы, 1-бөлігі, 2-тармағы негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты тоқтатылды. Прокуратура қылмыстық істі қысқарту туралы қаулыны мақұлдады.


23 ақпан 2021, 14:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.