
Қазақстандық актер Диас Қалдыбеков әйгілі «Аштық ойындары» (The Hunger Games) кинофраншизасының жаңа бөлімінде өнер көрсетеді. Астананың 23 жастағы тумасы «Аштық ойындары: Егін орағының таңы» (The Hunger Games: Sunrise on the Reaping) фильмінде Энглер есімді кейіпкердің рөлін сомдайды, деп жазады masa.media.
Актер жобаға қатысатынын 4 қарашада әлеуметтік желіде суреттерін жариялап, «The Hunger Games: Sunrise on the Reaping 2026» деп жазу арқылы хабарлаған.
Картина америкалық жазушы Сьюзен Коллинздің романдары негізінде түсірілген танымал антиутопиялық франшизаның бесінші бөлімі болмақ.
Диас Қалдыбеков Астанада дүниеге келген. Алғашқы кәсіби білімін Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде «хор дирижерлығы» мамандығы бойынша алған. Кейін Германияға қоныс аударып, қазір Берлин қаласында тұрып, еңбек етіп жүр.
Қазақстандық актер Германияның MABO Agency агенттігімен жұмыс істейді және Еуропадағы кино жобаларға белсенді қатысып келеді. Оның фильмографиясында Bitten Soon және Alien Husband атты қысқаметражды фильмдер бар. Голливудтың «Аштық ойындары» франшизасына қатысуы оның халықаралық мансабындағы маңызды кезең болмақ.
«Аштық ойындары: Егін орағының таңы» фильмінің ТМД елдерінде прокатқа шығуы 2026 жылғы 19 қарашаға жоспарланған.
В Атырау +12.2