
Үндістанда тұтқындалған MT Unity танкерінің бортында болған Қазақстан азаматы кемеден түсіп, елден шығып кетті.
Қаржылық дау салдарынан ұсталған танкерде теңізші бірнеше ай болғанын ТАСС хабарлады.
«Үндістанның Парадип портында ұсталған MT Unity танкерінің экипажы құрамындағы қазақстандық теңізші кемеден кетті. Ол Делиге ұшып барып, кейін Үндістан аумағынан шықты», – деп хабарлады 5 қарашада Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық дипломаттар отандасымызға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсеткен. Алайда теңізшінің Үндістаннан шыққаннан кейін қай елге барғаны нақтыланбады.
Еске салайық, Камерун туы астында жүзетін MT Unity танкерін Үндістан билігі 2026 жылғы 11 мамырда тұтқындаған болатын. Кеме Парадип портына жақын маңдағы зәкірлік тұрақта тұр. Оны ұстауға кеме иесіне қатысты қаржылық талаптар себеп болған. Талапкер мен жауапкер Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген, ал дау Үндістанның Одиша штаты Жоғарғы сотында қаралып жатыр.
Қыркүйек айында ұсталған танкердің бортында Қазақстанның бір азаматын қоса алғанда, 23 теңізші болғаны белгілі болды. ҚР Сыртқы істер министрлігі үнді тарапына жағдайды реттеуге және қазақстандық азаматтың елге оралуына жәрдемдесу туралы дипломатиялық нота жолдаған.
Бұған дейін кемеден жеті теңізшіден тұратын алғашқы топты – алты ресейлік пен бір Мысыр азаматын шығару мүмкін болған. Қараша айының басында тағы алты Ресей азаматы мен қазақстандық теңізшіге танкерден кетуге рұқсат берілді. 5 қарашада ресейлік теңізшілер отанына оралды.
Осылайша, Қазақстан азаматы кемені тұтқындағаннан кейін шамамен алты ай өткен соң ғана одан кете алды. Ал танкердің ұсталуына себеп болған компаниялар арасындағы сот талқылауы Үндістанда әлі жалғасып жатыр.
В Атырау +12.2