Атырау, 9 желтоқсан 22:23
 ашықВ Атырау -7
$ 514.65
€ 544.60
₽ 5.17

Теңіз: жер қыртысы жылына бес сантиметрге көтеріледі

8 365 просмотра

Өткен аптада «АЖ» бірінші боп хабарлаған Теңіздегі орын алған жер сілкінісі туралы ақпарат («Теңізде 4,1 баллдық жер сілкінісі орын алды») жауапты мемлекеттік органдарды абыржытып тастаған секілді.

БАЙҚАУ ҮШІН ҚАНДАЙ ДҮМПУ КЕРЕК ЕДІ?

Олай болмаса, екі күннен соң, 23-ші ақпанда ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметі «ҚазТАГ» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында жер сілкінісі фактісін теріске шығарғанын қалай түсіндіруге болады. «Бізде соңғы уақыттағы батыс аймағы бойынша жер сілкінісі жөнінде ақпарат жоқ», - деп хабарлаған еді баспасөз қызметінің жетекшісі Светлана МҰРАТБЕКОВА. Облыстық әкімдік пен Жылыой ауданының әкімдігінде де ақпараттың жоқтығына сілтеген болатын. Дегенмен, сол күні Атырау облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығы ТШО менеджерінен жерасты дүмпулері туралы жазылған хаттың келіп түскендігі туралы мәлімдеді. Бұл құбылысты мұнай өндіруші кәсіпорынның қызметкерлері сезінген екен.

Айтпақшы, жер сілкінісі фактісі жөнінде департамент «АЖ»-ға тек 25-ші ақпанда ғана комментарий беруді жөн санаған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің бас маманының міндетін атқарушы А.ЖАНҒАЛИЕВ 22 ақпанда департамент Теңіз кенішінде жұмыс істейтін барлық ірі компаниялар мен ұйымдарға, Жылыой ауданының әкімдігіне сұраныстар жіберген. Оның айтуынша,Сейсмология институтынан бағалау мәліметтері күтіліп отыр екен. Мамандар халық арасында сауалдар жүргізіп, бүліну тұрғысынан жер сілкінісінің болжамды аумағын шолып зерттеген. ТШО департамент сауалына, 21-ші ақпанда дүмпулерді жекелеген оңтүстік учаскелерде жұмыс істейтін қызметкерлер сезінген, деп жауап қайтарыпты.

Неліктен отандық сейсмологиялық қызметтердің жер сілкінісінің болғанын байқамағандығы туралы сұрақ ашық күйінде қалды. ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Сейсмология институты оларда заманауи құрал-жабдықтар жоқ екендігін түсіндіріп, қаржыландырудың мардымсыздығына абыржушылық білдірді. Соған байланысты институттың бүкіл республиканың аумағындағы сейсмикалық белсенділікті бақылауға мүмкіндігі жоқ екен. Біздің мамандар ресейлік сейсмоорталықтың мәліметтеріне жүгінетін көрінеді. Институттың сайтында «Болжамдар» деген сілтемеде ешқандай ақпарат жоқ боп шықты, ал «Оқиғалар» сілтемесінде соңғы боп Алматы облысындағы 2010 жылдың 2-ші наурызында орын алған жер сілкінісі туралы ақпарат орналасқан.

ЯДРОШЫЛАР АНЫҚТАҒАН

- Теңіз кенішіндегі жер сілкінісі туралы мәліметтер еуропалық және ресейлік орталықтарға біздің сейсмологиялық станса арқылы түсті, - деп мәлімдеді күтпеген жерден Ұлттық Ядролық Орталықтың Геофизикалық зерттеулер институтының Ұлттық Арнайы сейсмикалық ақпараттарды жинау және өңдеу орталығы (ҰСАО).

- Орын алған жер сілкінісі жөнінде білмегендігіміз туралы барлық жерде хабарланғаны біздің шамымызға тиді. Сондықтан сіздің газетіңізге сұхбат беруді жөн көрдім, - деп мәлімдеді Орталық жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Наталья МИХАЙЛОВА.

Оның айтуынша, республика аумағында орналасқан Орталықтың сейсмологиялық стансасынан түсетін мәліметтер сол мезет орталық базада өңделіп, автоматты түрде дүниежүзілік сейсмоорталықтарға беріледі екен. Сол күні де осылай болған. 21-ші ақпанда Теңіз кенішіндегі жер сілкінісі туралы мәліметтерді Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында орналасқан «Ақбұлақ» сейсмоорталығы тіркеген. «Ақбұлақ» сейсмологиялық тобы бір орталық нүктесі бар екі округте орналасқан 10 бақылау нүктесінен тұрады. Н.Михайлованың айтуынша, Ұлттық сейсмикалық ақпараттар орталығы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы Шарт Ұйымының Халықаралық мониторинг жүйесінің құрылымдық бөлімшесі боп табылады. Орталықты құрудың негізгі мақсаты – ядролық жарылыстар мен жер сілкіністерінің мониторингісін жүргізу. Стансалар заманауи сейсмикалық және инфрадыбыстық жабдықтармен жабдықталған.

САЙТТАН ҚАРАҢЫЗДАР

- Сейсмологиялық институтпен салыстырғанда, біз анағұрлым жақсы жабдықталғанбыз. Егер институт ҚР Білім және ғылым министрлігінің бөлімшесі боп табылса, біз ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне бағынамыз. Барлық қызықтыратын ақпараттарды, соның ішінде еліміздегі жерасты дүмпулері туралы мәліметтерді біздің www.kndc.kz сайтындағы «Сейсмологиялық бюллетеньдер» және «Елеулі жер сілкіністері» деген айдарлардағы картадан көре аласыздар (екі айдарларда да жерасты дүмпулері туралы 21 ақпандағы хабарлама, неліктен екені белгісіз, 23 ақпанда жазылған – Л.С.). Сол жерден Теңіздегі жер сілкінісі туралы ақпаратты да таба аласыз. Біз сондай-ақ, осы аймақ үшін үлкен мөлшердегі 4 баллдық жер сілкінісі туралы хабарламаға мазасыздандық. Бізді ең алдымен осы учаскеде мұнай құбыры немесе басқа қауіпті нысанның болу мүмкіндігі алаңдатты. Мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жанындағы дағдарыс орталығына қоңырау шалдым, алайда ондағылар жер сілкінісі туралы ештеңе білмеді, - деп растайды орталық жетекшісі.

- Наталья Николаевна, атыраулық экологтар Теңіз кенішінде үнемі 2-3 баллдық жерасты дүмпулері орын алатындығын растап отыр. Сіздің станса бұрын осы дүмпулерді тіркеді ме? Соңғы жер сілкінісі қандай сипатта болды – техногендік пе әлде табиғи сипатта ма?

- Біздің стансалар шалғай болғандықтан шағын амплитудадағы дүмпулерді тіркемейді. Менің пікірімше, бұл жер сілкінісі техногендік сипатта болған, өйткені біздің картамызда осы аумақтағы жарылған жерлер туралы ақпарат жоқ. Кеніштің жанынан тектоникалық жер сілкінісін тудыратын жарылған жерлерді емес, тұзды төбешіктерді байқаймыз.

- Осындай амплитудадағы жер сілкінісінің қайталануы және осы ауданнан ірі жер сілкінісі орын алуы мүмкін бе?

 - Иә, мүмкін, бірақ болашақта орын алуы мүмкін жер сілкінісі туралы ақпаратты алу үшін кеніш ауданында жер қыртысының қозғалысын бақылап отыратын сейсмологиялық жүйе жұмыс жасап тұруы тиіс. Ауқымды жер сілкінісінің алдында жерасты қызметі белсенді қозғалыста болады. Тұрақты мониторинг болуы керек, бірақ біз ондайды алыстан қамтамасыз ете алмаймыз. Біздің жабдықтарымыз мұншалықты сезімтал емес.

ЖЕР ҚЫРТЫСЫНДАҒЫ ҚОЗҒАЛЫС

Ал, академик Мұфтах ДИАРОВ Теңіз кенішінің ауданында ауқымды жер сілкінісі кез келген уақытта орын алуы мүмкін екенін растайды.

– Осы мұнай ауданы екі тектоникалық жарылған жерлердің дәл үстінде орналасқан. Соңғы рет күшті жер жарылуы 2000 жылы тіркелген. Ол Қаламқас, Қаражамбас теңіз кеніштерінен басталып, Теңіз арқылы өтеді. Бұл табиғи жер сілкінісін тудыруы мүмкін табиғи шұқырлар. Әдетте табиғи қабат қысымын сақтау үшін бір тонна өндірілген мұнайдың бос қалған орнын толтыру үшін бес тонна су айдау керек. Теңізде бұл бос кеңістік толтырылмайды, содан соң жер кернеуі қалпына келтірілмейді.

М.Диаровтың мәліметтері бойынша, Теңіз ауданында бүгінде жер қыртысы қарқынды жылжуда. Бұл жердегі жер жылына 5 сантиметрге көтеріледі деген бақылау мәліметтері бар. Сондықтан бұл ауданға сейсмостансалар ауадай қажет.

«ТШО» ЖШС-нің ұстанымын білу үшін өз сұрақтарымды кәсіпорынның баспасөз қызметіне жолдадым. Айтпақшы, естеріңізге салып өтейін, 1999 жылы ҚР прокуратурасы кеніштің 7 ұңғысынан мұнай өндіруге тыйым салған еді. Бас прокуратура мұнай өндіру ол кезде тағылық әдіспен жүргізілді, бұл аймақтың экологиялық қауіпсіздігіне қатер төндірді деп ТШО-ны айыптаған болатын. Жеті ұңғының үшеуінде мұнай өндірудің мөлшерлі деңгейі үш есеге артқан: тәулігіне 600 тонна шикізат өндірудің орнына 2000 тоннадан астам мұнай өндірілген. Нәтижесінде жер сілкінісіне алып келуі мүмкін топырақты қабат түзілген. Содан соң бір жылдан кейін, 2000 жылы күшті жер сілкінісі болған.

«Біз Теңізде 1988-1992 жылдар аралығында геодинамикалық мониторинг жүргізген едік. Алайда содан соң қазақ билігі бізден кенішті «өтінген» болатын. Содан бері қарай мұндай жұмыстарды ешкім де жасаған жоқ, - деген еді он жыл бұрын «Геодинамика и экология» ҒӨО бас директоры, РАЕН корреспондент мүшесі Владимир Сидоров. – Теңіз жер қыртысының жарылған жерінде орналасқан. Бұл жарылған жерлер аномальды белсенді, олардың орташа орын ауыстыру жылдамдығы жылына 5 см. Ерте ме, кеш пе, Теңіздің «сілкінуі» әбден ықтимал».

Облыс басшылығының сейсмологиялық мониторинг ұйымдастыртуы тиіс екендігі сөзсіз. 80 пайыз акциясы шетелдік компанияларға тиесілі мұнай алыбы өзін түрлі қауіп-қатерден сақтағандығына күмәнім жоқ. Ал біз, Каспий өңірінің тұрғындары, зілзаладан сақтанбағанбыз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

3 наурыз 2011, 01:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.