Атырау, 23 қараша 08:55
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жемқорлыққа қарсы қызмет - Таубаев, мектеп оқушыларына арналған компьютерлер және коронавирустан қайтыс болғандар туралы

4 378 просмотра

«AЖ» Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне сауалдар жолдады. Атап айтқанда, Нұрлан Таубаевтың ісі, Таубаевтың пара бопсалағаны туралы хабарлаушы қанша сыйақы алады, мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға арналған компьютерлерге қатысты түсініксіз жағдай, пандемия үдеген кезде коронавирустан көз жұмғандардың қалай жерленгені туралы және т.б. Төменде жауаптар берілген.

- Сіздер жекелеген саладағы сыбайлас жемқорлық көріністері туралы  бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген, оның ішінде «AЖ» жарияланымдары бойынша тексеру жүргізесіздер ме?

- ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 180-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері туралы жеткілікті деректерді қамтитын бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін жеткілікті негізде болса, әрі қарай талдауға себеп болып табылады.

- Өткен жылы шілде айының соңында прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімдігінің ИВЛ аппаратын сатып алуына қатысты мән-жайды тексеруді бастады. Нәтижесі қандай?

- Біздің департамент ИВЛ-аппаратын сатып алу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеген жоқ.

- Қазан айының ортасында сіздердің тексеру жұмыстарыңыз Атыраудағы «СК-Фармация» қоймасында ресми жарияланған екі айлық дәрі-дәрмектер қорының болмағанын көрсетті. Бұл немен аяқталды?

- 2020 жылдың қараша-желтоқсан айларында департамент қызметкерлері «Атырау-Адалдық алаңы» кеңсесі мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен Атыраудағы «СК-Фармация» ЖШС қоймасындағы дәрі-дәрмектер қорына мониторинг жүргізді. Атыраудағы «СК-Фармация» ЖШС жедел қоймасының функционалдық мақсатына сәйкес тауарларды жедел қабылдап, одан әрі тапсырыс берушілерге жөнелту үшін ұйымдастырылғандығы және тауарларды ұзақ уақыт сақтауға арналмағандығы анықталды. Мониторинг барысында батыс аймақтардың (Атырау, Маңғыстау, БҚО және Ақтөбе облыстары) екі айлық қорындағы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің Ақтөбеде орналасқан бірыңғай дистрибьютор хабында сақталатыны белгілі болды.

- Мұқтаж мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға арналған компьютер техникасымен қамтамасыз етуге қатысты тексеру жүргізілді ме? Біріншіден, компьютерлер желтоқсанда кешігіп келді; екіншіден, сандарда айырмашылық бар: мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сәйкес, 16 079 ноутбук жеткізілген, ал білім беру басқармасының есебінде 18 039 деп көрсетілген.

- Атырау облысында қашықтан оқыту кезінде әлеуметтік осал отбасылардың балаларына 18 987 дана компьютер техникасын (14,563 ноутбук, 2499 планшет және 1925 дербес компьютер) сатып алуға мақсатты ағымдағы трансферт түрінде 2 млрд 866 млн 595 мың теңге бөлінді. Осы сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін біздің департаменттің, арнайы мониторинг тобының, «Атырау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және облыстық білім беру басқармасы өкілдерінен қоғамдық комиссия құрылды.

Пандемия кезінде өндіруші зауыттарда өндірістік процестер, соның ішінде компьютерлік техникалар өндіру тоқтатылып, жоспарланған кестеден қалыс қалды, сол себепті жеткізілім кешіктірілді. Бірақ қазіргі уақытта компьютер техникасымен қамтамасыз ету 100% жүзеге асты.

- Атырауда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған науқастардың мәйіттерін мәйітханадан беру, жерлеу қызметтерін көрсету және зираттардан орын бөлуге қатысты мониторинг жүргізілді ме? Жерлеу бағасын көтеріп жіберу және жерлеу кезінде заңсыз алым алу деректері анықталды ма?

- Біздің департамент бұл мәселемен айналысқан жоқ.

- Өткен жылы біздің облыстың қанша тұрғыны сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы хабарлағаны үшін сыйақы алды?

- Жалпы сомасы 1 871 260 теңгеге 11 адам алды.

- 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен облыс әкімінің экс-орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының экс-басшысы Тимур Басаров ұсталды. Осы факт туралы хабарлаған азамат сыйақы алды ма?

- Егер пара мөлшері 1000 АЕК-тен (2021 жылы 2 917 000 теңге) асып кетсе, біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген зиян сомасының 10%-ы болады, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды.

Алайда сыйақының сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана берілетінін түсіну керек. Бұл жағдайда да осылай болады.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

22 қаңтар 2021, 11:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.