Махамбет атындағы облыстық драма театрында республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Бибіфатима ӘЗИЕВАНЫҢ (суретте) атасы, танымал домбырашы Рыспай Ғабдиевті еске алуға арналған «Күй қағаны» атты шығармашылық концерті болып өтті.
Рыспай аға немересін 4 жасында музыка мектебіне апарған. Скрипканы терең меңгерген ол осы күнге дейін бірнеше жүлделі орындар иеленіп келді. Мәселен, 2011 жылы жастардың ұлттық VII Дельфий ойындарының «Скрипка» аталымы бойынша 1-ші орын алса, 2012 жылы Италияның Ланчано қаласында өткен «Citta di Lanciano» XXII халықаралық байқаудаағалары Мұхаддаспен Арыстанбек Ғабдиевтармен Бибіфатимадан құрылған «Қазақстан» ансамблі лауреат атанып келген болатын.
Драма театрда Бибіфатима Д. Нұрпейісова атындағы ұлт-аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен бірнеше классикалық, халықтық шығармаларды, соның ішінде Мұқан ТӨЛЕБАЕВТІҢ «Поэма», Витторио МОНТИДІҢ «Чардаш», сонымен қатар Құрманғазының күйі «Адайды» асқан шеберлікпен орындады. Рыспай Ғабдиевтің ұлы Арыстанбек ҒАБДИЕВ те әкесіне арналған салтанатты кеште Құрманғазының күйі «Терісқақпайды» шертті. Ал халықаралық «Шабыт», республикалық Мұхит Мералыұлы және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы байқаулардың бас жүлдегері, өнер саласының үздігі Қайрат КӘКІМОВ Мұхиттың әні «Паң көйлекті» шырқады.
Бибіфатима өнердегі өзінің жолын бәрінен бұрын атасының арқасында тапқанын айтады:
- Ол анамды музыка өнеріне баулуға тырысқанымен, оған қол жеткізе алмай сол жолды маған аманаттады.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА
Суретті түсірген автор