Атырау, 23 қараша 02:12
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шебер

4 700 просмотра

Аман САПАРОВ – халық аспаптарын дайындаудың кәсіпқой шебері. Тегіміз аттас болғанымен, туыстығы жоқ бұл қолөнерші жақында «Ортеке» атты шеберлердің халықаралық байқауында лауреат атанды.

Аман аға – сегіз қырлы, бір сырлы жан. Оның қолынан бәрі келеді. Ол қобыздан бастап сыбызғыға дейінгі әр түрлі музыкалық аспаптарды дайындап қана қоймай, өзі де домбырада күй шертіп, ән-терме орындайды, сурет салады, тігіншілік мен зергерлік өнерін меңгерген. Оның өнердегі ұстазы - атақты қолөнер шебері, педагог, этнодизайншы Дәркенбай ШОҚПАРҰЛЫ. Сапаров бір жылдары Алматы қаласындағы көркемөнер училищесінде оқып, кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның домбыра класы бойынша дайындық курсында оқи жүріп, Құрманғазы оркестрінің музыкалық шебері болып жұмыс істеген. Қазір ол Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрындағы шеберханада жұмыс істейді. 

- Аман аға, білуімше, сіз консерваториядағы оқуыңызды аяқтаған жоқсыз. Неге? 

- Бұл 1986 жылдың желтоқсанында Алматыдағы жастардың көтерілуімен байланысты болатын. Менімен бірге консерваториядан студенттер мен ұстаздардың жартысынан көбі қуылды. Сол кездегі ректор Ғазиза ЖҰБАНОВА да жұмыстан шығарылды. Кейін бірнеше жыл өткен соң, қатарластарым қайта құжат тапсырып, оқуларын бітіріп алды. Ал мен әрі қарай оқуға талпынбадым. Жан қалауым болғасын, өз бетіммен қолөнерді дамытуға кірістім.

- Қобызды жасау қиынның-қиыны дейді шеберлер...

- Иә, қобыздың үнін шығару үшін көп тер төгуің керек. Оның жұмысы басқа аспаптарға қарағанда өте қиын. Сондықтан, қобыз аспабының шығу тарихын, қасиетін зерттеп, кітапханадан ғылыми еңбектер алып оқимын. Ал қобызды, негізінен, арша ағашынан жасайды. Бұл ағаш Жамбылдың Қаратау деген жерінде өседі. Мәселен, атақты қобызшы Ықылас ДҮКЕНҰЛЫНЫҢ қобызы сол ағаштан жасалған. Ал қобыздың шегін айғырдың жалынан жасаған тиімді. Себебі, айғырдың жалы ұзын әрі түкті болып келеді. Түк дыбыстың шығуына жақсы. Қобыздағы екі шектің әрқайсысында 70-80 қыл болады.

- Сонда материалдарды арнайы тапсырыспен алдыртасыз ба?

- Иә, жылқы сойған кезде қылын сатып алам. Басқа да қажетті материалдарды ауылдардан табамын.

- Көрме ұйымдастыру туралы ойландыңыз ба?  

- Осы 2013 жылы өткізсем деп жоспарлап отырмын. Соған дайындық үстіндемін. 

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

9 қаңтар 2013, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.