Каспий маңының борлы шоқылары өзінің ғажайып бейнелерімен көз тартады. Көптеген адамдар мұнда миллиондаған жылдардан бері тіршілік тоқтаған, қызықты еш нәрсе жоқ деп ойлайды.
Алайда ол олай емес. Осы борлы шоқыларда көптеген жылдар бойы саяхаттау кезінде байқаған қызықты оқиғаларын өлкетанушы, палеонтолог Ю. Пастухов кәсіби білім беру мектебі оқушыларымен өткізген кездесуінде бөлісті. Кездесу тақырыбы – «Борлы шоқылардың жануарлар әлемі». Оқушылар Юрий Александровичтің әңгімесін қызыға тыңдады: «...мұнда қасқырлар өте жиі кездеседі. Сондықтан да бізде «жалғыз жүруге болмайды» деген заң бар. Егер қасқырлар бір адамды көрсе, ол - қасқырлар үшін кезекті құрбан. Қарсақпен кездесу де есте қалардай болды, тасада бұқпантайлап қой отарын аңдып отырған қарсақ, өз ісіне берілгені сондай, бізді байқамай да қалды. Бұрын жазықта киік көп болатын, қазір көре алмайсың...»
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ