Атырау, 19 қараша 10:37
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Әкім Досмұхамбетовтің командасында кімдер бар

6 150 просмотра

Желтоқсан айында Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТІҢ Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалғанына бір жыл толады. Оның командасына шолуды «AЖ» материалынан оқыңыздар.

Мұнайшы мамандығын оқыған, бұрын ҚР Энергетика вице-министрінің төрағасы қызметін атқарған 60 жастағы Махамбет Досмұхамбетовтің өзінен бұрын болған әкімдер (Ноғаев, Ізмұхамбетов және т.б.) секілді шаруашылық-басқарушылық тәжірибесі болмаған. Соған сәйкес, ол тағайындалғанда облыс әкімдігінде соңғы жылдары атыраулықтарға соншалықты таныс болған кадрлық ауыс-түйіс болған жоқ. Досмұхамбетовтің командасындағы шенеуніктерді тағайындау жеке сенім қағидасы мен ұсыныстар бойынша немесе тікелей Ақорда арқылы жүзеге асырылды.

Облыс әкімінің бес орынбасары бар. Бірінші орынбасары - 45 жастағы Серік АЙДАРБЕКОВ бұған дейін ҚР Мәжіліс аппаратын басқарды. Айдарбековті атыраулықтар жақсы біледі, ол 2010-2012 жылдары облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді, содан кейін Атырау қаласының әкімі болды.

Естеріңізге салсақ, Айдарбековті Президент әкімшілігі бұған дейін ірі көлемде пара алды деген күдікпен қамауға алынған Нұрлан ТАУБАЕВТЫҢ орнына тағайындаған болатын.

Келесі орынбасары - 36 жастағы Ержан ӘБІЛХАНОВ, ол бұрын Досмұхамбетовпен бірге бір министрлікте жұмыс істеген. Бір қызығы, 2019 жылы Әбілханов әкімнің ұлы Болат ДОСМҰХАМБЕТОВПЕН бірге ҚР Президентінің жастар кадрлық резервіне енген. Әбілханов - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Әкімнің командасында ол құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жетекшілік етеді. 

Облыс әкімінің 39 жастағы орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА әлеуметтік-мәдени салаға жауапты. Атырау тумасы және «Нұр Отан» партиясының белсенді қызметкері. Қазіргі әкім орынбасарына дейін ол ҚР Мәжілісінің депутаты болды. Парламентте Хаменова Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы бастамасымен қазақстандықтардың есінде қалды. 

Хаменова тікелей жетекшілік ететін Атырау облысының ішкі саясат басқармасына оның «Нұр Отан» партиясының Атырау филиалындағы көп жылдан бергі қызметтесі Қанат ӘЗМҰХАНОВ тағайындалды.

Әкімнің тағы екі орынбасары - Әлібек НӘУТИЕВ мен Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА ұзақ жылдар бойы облыстың билік олимпіне мықтап жайғасқан.

57 жастағы Әлібек Нәутиев 2016 жылдан бері екі әкімнің тұсында жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы мен аудандарға жетекшілік етеді. 

54 жастағы Айгүл Әжіғалиева 10 жылдан бері өңірімізде қаржы саласына жауап береді. Ол облыстың төрт әкімімен жұмыс істеді және жақсы қаржыгер деген беделі бар. 

Аппарат жетекшісі - 52 жастағы Болат ЫСҚАҚОВ. Досмұхамбетов оны Түркістан облысынан шақырды, ол жақта мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің әдеп кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеді. 

Түркістан облысынан келген тағы бір кадр - денсаулық сақтау басқармасын басқаратын 48 жастағы Асхан БАЙДУАЛИЕВ. Бұған дейін ол Шымкентте осы лауазымда жұмыс істеді. Сол кезде ол жақта сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжал орын алып, кейін ол кінәсіз деп танылды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының 35 жастағы басшысы Азамат СӘЛІМБАЕВ Шығыс Қазақстан облысының тумасы, 2007 жылы Атырауда Х.Досмұхамедұлы атындағы университетті бітіріп, кейін ҚР Қаржы министрлігінде қызмет атқарды. 2017 жылы ҚР Энергетика министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. 

Досмұхамбетовтің командасында мұнайшы-технарлар да бар. Мәселен, 41 жастағы мұнайшы Абдуахит ӘБІШЕВ облыстық кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасының бастығы лауазымын атқарады. Атырау тумасы, ол «ShagyraiOilService», «Урихтау Оперейтинг», «Лайнс Джамп» компанияларында жұмыс істеген. 

Досмұхамбетов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры және «Қазмұнайгаздың» жоғары дәрежелі менеджері 57 жастағы Қайрат ОРАЗБАЕВТЫ қала әкімі болуға шақырды. 

Әкімдердің жанында баспасөз хатшылары да болады. Бұл лауазымды белгілі тележурналист қарағандылық Ержан ҚАЛЫМБАЙ атқарып отыр. 

Біз тек М. Досмұхамбетовтің кадрларына шолу ғана жасадық. Ал олардың қаншалықты тиімді жұмыс істеп жүргеніне Атырау облысы тұрғындарының өздері баға бере жатар. 

Фархат ӘБІЛОВ

2 желтоқсан 2020, 10:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.