Атырау, 21 желтоқсан 00:00
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

«Қара алтынның» үстіндегі қайыршылық күй

Сурет Бейнежазба
7 551 просмотра

Келесі жылы Мақат ауданы Доссор кентінде мұнай көзінің табылғанына 110 жыл толады. «Қара алтынды» өндіргеніне ғасырдан астам уақыт өтсе де, кентте тұрғындар ескі тамдарда тұрып жатыр.

«АЖ» тілшісі Доссордағы апатты үйлердің жай-күймен танысып шықты. Елу жылдан астам уақыттан бері тұрғындарға арнап үкімет тарапынан баспана салу мүлдем қолға алынбаған. 2018 жылы көп қабатты 60 пәтерлік бір үй ғана салынған. Ал апатты үйлер саны 100-ден асып жығылады.

ХХ ғасырдың басында салынған үйлерде тұрып жатқандар бар.

- Бұл кезінде ағылшындар мұнай шыққанда, өздеріне деп уақытша тұрғызылған баспана болуы керек. Сапалы салынғандықтан ба бір ғасыр өтсе де құламай тұр. Біз мұнда барар жеріміз болмағасын амалсыз тұрып жатырмыз. Іргесі сөгіле бастаған, төбеден топырақ саулап тұрады, жертөледен бір қара май шығады. Үй тіреумен тұр, төбе белдіктері майысқан. Менің көршілерім де сондай жағдайда тұрып жатыр, - дейді ауыл тұрғыны Ұлбала САНАЛИЕВА.

Кентте іргетасы жоқ, шатырсыз, топырақпен майланған, саман тастан тұрғызылған үйлер көп. Кейбіреулері ескіріп, құлай бастаған үйлерін кілттеп тастап, пәтер жалдап кетіпті.

Зейнеткер Жұмабек ИЩАНОВ осындай тоқал тамда тұрып жатыр.

- Көріп тұрғандай, майлап, сайлап тұрып жатырмыз. Төбеден жаңбырда су аққандықтан белдеулер қисайып, төмен түсіп барады, - дейді зейнеткер. - Оны тіреп қойып отырмыз, қатты жел болғанда үйіміз сықырлап үстімізге құлап кете ме деп қорқамыз. Жолдасым аурулы, тоқсандағы әкем бар, өзім зейнеткермін. Екі ұлым пәтер жалдап кетті. Олардың бізге баспана тұрғызып беретіндей жағдайлары да жоқ.

Ал Құдабаев көшесіндегі екі қабатты №18, 19, 21, 22 үйлер қақ жарылып, құлау қаупінде тұр. Үйлер апатты деп танылғанымен, бұлар жаңа үйден құр қалған түрі бар. Тұрғындар аудандық әкімдікті былай қойып, облысқа дейін барған. Бірақ одан ештеңе шықпапты.

- Облыстық әкімдіктегілер маған: «Үйіңді майлап-сайлап ал, кезексіз үй берілмейді» деді. Қанша жамасаң да, одан пайда жоқ. Бұл үй апатты жағдайда тұр, 60 жыл болған үй. Үйдің іргетасы ажырап, төбеден кірпіштер түсіп жатыр. Біз балалармен астында қалмасақ екен деп, бір құдайға сыйынып отырамыз. Біздің өлгенімізді қалап отыр ма? - дейді ашынған ауыл тұрғыны Лаура ЕСЕТБАЕВА. 

«Елу жылда-ел жаңа» дейді, елу жыл тұрмақ ғасырдан астам уақыттан бері кенттегі тұрғын үй жағдайы осындай сорақы күйде.

«Қара алтынның» үстінде отырып, қайыршының күйін кештік деп күйінеді  қамыққан доссорлықтар. Ал мұнайдың шыққанына 110 жыл болғанда мұнайшылар қалай тойлайды екен деген сұрақ тұр көкейде...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

30 қазан 2020, 15:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.