Жуырда танымал қазақстандық «Орда» тобы Атыраудағы жабық кештердің бірінде концерт қойды. Осы кешті пайдаланып біз музыканттарға бірнеше сауал қойған едік.
- «Орда» тобында қандай жаңалықтар бар?
Дастан: -Біз қазір жаңа концерттік бағдарлама дайындау үстіндеміз. Осыған орай, еліміздің әр өңіріне гастрольдік сапармен шығып келсек деп отырмыз. Оның үстіне, жаңа жылдан бастап топтың төрт әншісі де жеке шығармашылықтарымен айналыспақшы. Бірақ, сонымен қатар топта да бірге жұмыс істей береміз.
-Болашақтағы гастрольдік турға Атырауға концерт беру кіре ме?
Ерболат: -Жоспарда бар.
- Топ құрамында бұрын алты адам болатын. Қазір төртеу...
Дастан: -Иә, менің ағам Рүстем Оразбеков және Ерболаттың екінші інісі Жанболат Беделханқазір сахнаға шықпаса да, бірге жанымызда жүр. Олар топтан кеткен жоқ. Себебі, Рүстем қазір «Орда» тобының әкімшісі, ал Жанболат топтың продюсерлік қызметін атқарады. Сондықтан, біз бұрынғыдай біргеміз.
-Сіздер бірнеше жыл бұрын Мәскеуге кетіп қалып, сонда біраз жұмыс істедіңіздер. Бұл тәжірибе сіздерге не берді?
-Бұл 2006-2007 жылдары болды. Біз Ресейдің шоу бизнесінен орын алғымыз келді. Басында бәрі жақсы болды, бірақ, кейін топтың атын өзгертіп, өзге азаматтарды топ құрамына алу туралы ұсыныстар түскен кезде... елімізге қайтып келдік. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, Қазақстандағы шоу бизнес үшін тер төгеміз деп шештік.
- Бір топта жұмыс істеудің сіздер үшін ерекшелігі қандай?
Ерболат: -Біз төртеуіміз төрт түрліміз. Бірақ, ән таңдауда және өңдеуге келгенде ұзақ пікірталастан кейін ақылдасып барып, ортақ шешімге тоқтаймыз. Ең бастысы, біз шығармашылық салада бір орында тұрып қалмай, дамып, өзгеріп отыру қажеттігін бірдей ұғынамыз. Біз «Кеш мені» деген әнмен алғаш шыққанда ондай стильде айтатын ешкім болмады қазақстандық шоу бизнесте. Кейін бәрі солай айта бастады. Одан соң біз ағылшын тілінде шырқай бастадық. Бізден кейін ағылшын тілінде ән шырқаушылар пайда бола бастады. Рок айта бастап едік, мұнда да солай болды. Біз ылғи да бір қадам алда болғымыз келеді.
Осы сұхбаттан кейін біз «Орда» тобының әкімшісі Рүстем ОРАЗБЕКОВПЕН (суретте) әңгімелестік. Ол топтың атынан Атырау халқын Жаңа жылмен құттықтап, әр шаңыраққа бақыт, ырыс, береке тіледі.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ