Атырау, 26 сәуір 09:46
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

​Тәжірибесі жоқ электромонтерді қуаты 6 мың вольтпен жұмысқа жіберіп, куәлігін кейін жасап берген бе?

3 508 просмотра
Көрнекі сурет

Сот электромонтерді тоқ соққаны туралы «Атырау Жарық» АҚ-ның бірнеше қызметкеріне қатысты істі бір күнде қарады. Зардап шеккен адамның арызы негізінде кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкерпшіліктен босату және тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылды. Зардап шегушіге моральдық және материалдық зиянды өтеу ретінде 2 млн теңге төленді. Екі қолына ота жасатуға шамамен сонша ақша кетеді.

 

ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ...

Аға инженер Ардақ АҚБАТЫРОВҚА, аға шебер Саламат ЖАЛҒАСОВҚА, шеберk Ерлан ҚОСЖАНОВ пен Бауыржан ИБРАШЕВКЕ қатысты сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі («Денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу») бойынша жүргізілді.

Басынан бастап айтар болсақ, Сағындық Қуандық 2018 жылдан «Атырау Жарық» АҚ электромонтер болып жұмыс істеді. Өткен жылдың 28 қарашасында ол үлкен көлемді жүктің өту жолында жоғары кернеулі желіні қиюға қатысып, қуатты электр тоғынан зардап шекті. Оқиға Атырау-Доссор тас жолындағы Бірлік ауылының маңында болған. Көлемді жабдық Қарабатанда салынып жатқан газ-химия кешеніне «АтырауМұнайМаш» ЖШС өндірістік базасынан тасымалданды.

Іс құжаттары бойынша белгілі болғандай, Сағындық бригада құрамында жоғары кернеулі желіде электр сымдарын көтеру бойынша сол күні жұмысқа кіріскен. Шебер Ерлан Қосжановтың нұсқауымен ол гидрокөтергішке көтеріліп, өлшеу құралының көмегімен жоғары кернеу көрсеткішін (УВН) үш желіден де тексергенде - тоқ болмаған. Ол төменгі сымды өзіне тартып алып, енді екіншісіне қолы тие бергенде, оны тоқ соқты да, есінен танып қалды. Кейін жоғары вольтты желіде электр қуаты өшірілмегені белгілі болды.

Қуандық екі қолынан күйік алды. Қазір ол ІІ топтағы мүгедек (өзіне-өзі қызмет көрсету көрсеткіштері бойынша І топқа көбірек сәйкес келеді), екі қолдың саусақтары бүгілмейді, қолындағы тері жансызданған. Сағындық емделіп жатқан Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы  Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері қолдың кемшіліктерін қалпына келтіру үшін әрқайсысына құны 1 млн теңгеден ота жасау қажеттігін айтып отыр.

 

БІРЕУ КУӘЛІККЕ «ТҮЗЕТУ» ЕНГІЗДІ

Істі сотқа бергенше Сағындықтың әкесі Қуандық АҒАШИН «АЖ»-ға хабарласты. Оның ойынша, сотқа дейінгі тергеу барысында кейбір жағдайлар ескерілмеген. Жақында ол жалған құжат жасалғаны туралы прокуратураға арыз жазды. Сонымен қатар, ол Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы комиссиясының жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісімен толық келіспей отыр.

- Онда менің баламның қорғаныс құралдары – диэлектрлік қолғап пен жоғары кернеулі қуатты тексеретін құралды пайдаланбай, немқұрайлылық танытқаны көрсетілген. Қуат тексеретін құрал болған, ал қолғабы – матадан болған, себебі оған резеңке немесе диэлектрлік қолғап емес, мата қолғап берген. Сондай-ақ оған желілік жылжымалы жерге тұйықтау құралы берілмеген, - дейді Ағашин. - Жұмыс басталар алдында қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама жүргізілген жоқ, рұқсат-наряд ресімделмеген. Шеберлер сымның бойында тоқ жоқ деп сендіріп, оған жоғарыға көтерілуге тапсырма берген. Тіпті оның мұндай учаскеде жұмыс істеуге рұқсат беру тобын да ескермеген.

Сағындық Қуандықта 3-ші топқа рұқсат болды – бұл оған «қуаты 1000 вольтқа дейінгі электр қондырғыларында жұмыс істеуге рұқсат берілгенін» білдіреді. Оның электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету туралы куәлігінде дәл осылай жазылған. Бірақ, неге ол қуаты 6000 вольт болатын учаскеге жұмысқа жіберілген?

Ағашиннің айтуынша, бұл желіде қуаттың 6000 вольт болғанын баласы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде есін жиған кезде білген.

- Сонда ол, егер мен білсем, ол жерге мүлдем бармас едім деп айтты, - дейді Ағашин.

Айтпақшы, осы оқиғадан кейін оның куәлігіне қолмен жазылған түзету енгізілген: «1000 вольтқа дейін» сөздері «1000 вольттан жоғары» деп өзгертілген.

- Ұлымды ауруханаға жатқызған кезде бастықтардың бірі келіп, оның арнайы киімін өзімен бірге алып кеткен. Көрген адамдар бар. Ұлымның рұқсатнама куәлігі сол киімнің қалтасында болды. Куәлігін кері қайтарып алған кезде біреудің «түзетіп» жібергенін байқадым. Ал куәлікті еңбекті қорғау және қауіпсіздік қызметінің бастығынан алдым, - дейді Ағашин.

 

Сағындықтың әкесі Қуандық АҒАШИН

ЖАҢАДАН СОТ ҚАРАҒАНҒА ДЕЙІН ЖАУАП БЕРМЕЙДІ

Сот қаулысынан кейін прокуратураның ұсынысы бойынша қалалық полиция басқармасында ҚР ҚК 385-бабының 1-тармағы («Құжаттарды қолдан жасау») бойынша басқа қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Жалғандықты анықтау мақсатында Сағындықтың куәлігіне сот-қолжазба сараптамасы тағайындалды.

С.Қуандықтың қорғаушылары Сәндібек ТІЛЕУХАНОВ пен Руслан ҒИЗАТОВ жазатайым оқиғаны тергеу бойынша жаңа комиссия құру үстінде, ол да «түзетуді» кім енгізгенін анықтайтын болады.

«Атырау Жарық» АҚ біздің сауалымызға ҚР ҚПК-нің 201-бабына («Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу») және ҚР ҚК-нің 423-бабына («Сотқа дейінгі іс жүргізу деректерін жария ету») сілтеме жасап, жауап берген жоқ.

Айнұр САПАРОВА 

Суретті түсірген автор

12 қазан 2020, 13:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.