Ғимарат Әбілқайыр хан даңғылында, Полиция департаментінің қасында орналасқан. Бүгінде құрылыс-жөндеу жұмыстары 80 пайызға аяқталды, ғимарат 2024 жылдың 3-тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
ҚР Жоғары сотының парақшасында Атырау қалалық сотының жаңа ғимаратында қандай соттар орналасатыны туралы жарияланды.
Жаңа ғимарат азаматтар үшін барлық қауіпсіздік пен ыңғайлылық сақталған 4 қабат, 70 кабинеттен жасақталған. Сот отырыстарын өткізудің жеделдігін қамтамасыз ету үшін 17 сот залы орналасқан.
Ғимаратта Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты, Атырау облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты орналасады.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған. Ғимараттың жалпы құны 2 млрд 402 млн 253 мың 608 теңгені құрайды. Тапсырыс беруші Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, мердігер "БатысАльянсСтрой" ЖШС.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор