Атырау, 21 қараша 23:06
 ашықВ Атырау +4
$ 495.20
€ 522.34
₽ 4.94

Орталық ұжымын опындырған жайттар

5 114 просмотра

Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени-демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының қызметкерлері облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бақыт Иманғалиевтің облыс әкімінің алдында селекторлық жиналыста жасаған ұсыныстарына түсіне алмай отыр.

Ұсыныста осы орталықтағы 77 қызметкер санын 48-ге қысқарту туралы айтылады. Осылайша 8 млн. теңге үнемделеді екен. Сонымен бірге, мәдениет сарайына жұмыс істемей тұрған ғимарат деген баға беріліп, оның сатылуы да әңгіме болды.

Аталмыш орталық ғимараты 1959 жылы салынған. Ішінде 500 орындық залы бар. Осындағы мәдени-демалыс ұйымдастыру тобының жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Қ.Ғұмаров, шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Қ.Қалдығұлов, кәсіподақ төрайымы Р.Ахатова, заңгер Берғали Ғұбашев және басқа қызметкерлердің айтуынша, егер басқарманың ұсынысы жүзеге асар болса, онда бұл мекеме тек жергілікті клубтармен айналысатын әдістемелік орталық болып қалмақ.

Орталық басшысы Алма АНДАРБАЕВА:

- «Қызметкерлерді мен ұйымдастырып отырғаным жоқ. Оларды сабырлылыққа шақырып, тоқтатып отырмын. Ең төмен жалақы алатындар да біздің мекеменің қызметкерлері. Одан қалды, үлкен мекемені талан-таражға салайын деп отыр. Басқарма бастығының мәдениетке неге жаны ашымайды? Біз басқа мекемелерге ғимарат таба алмай отырмыз. Ал ол болса, үлкен мәдениет сарайының ғимараты жұмыс жасамайды деп сатуға салып отыр. Менің орталықты басқарып отырғаныма 10 жылдан асты. Содан бері бұл ғимарат күрделі жөндеу көрмеген. Бірақ, біз оны күтіп ұстап отырмыз. Ондай ғимаратқа қызығушылар көп қой», - деді комментарийінде.

Сондай-ақ, Алма Әзидоллақызы орталықтың материалдық-техникалық жағдайы мәз еместігін және қызметтік көліктер мен дыбыс күшейткіш аппаратураларының әбден тозғанына қарамастан халықаралық турнирлерді, республикалық және облыстық мәдени шараларды өткізіп келе жатқандарын айтады.

Қызметкерлер облыс әкімінің қабылдауында болып, жұмыс жасауға жағдай туғызылмай отырғандығын да жеткізіпті. Және орталыққа ақша бөлу мәселесін алға тартқан. Бергей Сәулебайұлы жыл аяғына дейін ақша бөлінетініне уәде берген.

Ал облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бақыт ИМАНҒАЛИЕВ халық аузында «Жастар» мәдениет сарайы деп аталып жүрген орталықта көп жылдан бері мәдени шаралардың ұйымдастырылмай отырғанын және осы орталықтың қызметкерлері жарық пен аппаратураның қуаттылық күші сәйкес емес деген әңгімені қозғап, жұмыс істегілері келмейтінін айтты.

- «Мекеме жұмысының мардымсыз болатын себебі - мекеменің жұмыс жасамауы. Олар кілең мәдени көпшілік шаралардың соңында кетіп қалған. Ал олардың шара ұйымдастыратын аппаратуралары, жарығы жоқ. Оған қоса ол жердегі адамдардың жұмыс істеуге деген ешқандай ниеті жоқ. Кезінде су жаңа аппаратура алып бергенде тойға-топырға тасып, өз қолдарымен құртты. Ал жұмыстан қысқарған адамдарды қазыналық мекемелерге орналастырамыз», - деді.

Сондай-ақ, ол «Атырау-Жарық» ЖШС-нің қызметкерлеріне «Жастар» мәдениет сарайының жарық қуаттылығын тексерткенде бәрі дұрыс болып шыққандығын айтты.

Ал Алма Андарбаеваның айтуынша, электр кабельдерін тексеретін комиссия сараптамасы ғимараттың жарық желілері алюминийден жасалғандығын және оның артық қуатты көтермейтіндігін көрсеткен. Щиттердің өзінің құрылғылары да желімен сәйкес келмейді екен. «Әйтпесе, біз шараларды осыдан жасар едік қой. Аппаратура жәйіне келсек, 1999 жылы мен басшылыққа келгенде театрда пайдаланып келген аппаратураны бізге аударып берді. Кез-келген аппарат үш жыл ғана жұмыс істейді. Ал біз он жылға дейін ұстап келдік».

Айтпақшы, ғимаратқа қатысты басқарма бастығы Бақыт Иманғалиевтің қосымша айтқаны, оны нарықтық саудаға шығарып, белгілі кәсіпкерлердің пайдалануына берген тиімді.

- «Және олар соның ішінде кинотеатрын, сауда орталығы мен ойын сауық-орталығын ашсын, сонда халық ол жерге көптеп барады», - дейді ол.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

2 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.