Ертең, 10 қыркүйекте Атырау қаласында тәулік бойы, ауа-райының сан құбылғанына қарамастан жол ережесі мен қоғамдық тәртіпті бұзғандарды тіркеп отыратын «Сергек» камералары іске қосылады. Осы орайда «АЖ» тілшісі «Сергек» бейнебақылау орталығына барып, жүйенің қалай жұмыс жасайтынын көріп қайтты.
Алдымен жүйенің бастамасына тоқтала кетейік. 2019 жылдың сәуірінде Атырау облыстық мәслихат депутаттары құны 10 миллиард теңгеге есептелген ақылды «Сергек» бейнебақылау камераларын орнатуға бірауыздан келіскеннен кейін сол жылы жазда ол жұмысты бастап кетті. Сол кезде «Сергек» 2020 жылдың наурызында іске қосылатыны айтылған еді, бірақ 18 мамыр, кейін 1 маусымда қосылады деп екі рет кейінге қалдырылды.
Атырауда барлығы 2748 камера орнатылды: 204 кешенді жиынтық (1224 камера) камералары қиылыс пен желілік жол жиектерінде, 774 жалпы бақылау камерасы мен 750 интеграцияланған бұрылатын камералар қондырылды. Сауда үйлері және басқа да адам көп шоғырланатын орындардағы камералар «Сергек» жүйесімен біріктірілген.
«АЖ» хабарлағандай, жол жүру ережесін және көшедегі басқа да тәртіпті бұзғандарды «Сергек» арнайы алгоритм арқылы автоматты түрде тіркеп отырады. Бұл ретте айта кетсек, жылдамдықты арттыру, бағдаршамның рұқсат етілмеген жарығына өтіп кету, тоқтау сызығын және жолақ сызығын басып кеткен қателіктер тіркеледі.
«СЕРГЕК» ПРОЦЕССИНГТІК ОРТАЛЫҒЫ
«Сергек» бейнебақылау камераларының «жүрегі» орналасқан бұл ғимаратты құпия нысан деп айтуға да болады. Қаланың ортасында орналасқан, сыртынан қарағанда, жәй ғана екі қатарлы ғимарат, бірақ ішіне арнайы өткізу жүйесі арқылы кіре аласыз.
«Сергек» камераларының экраны орналасқан бөлменің Атырау қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығынан аса қатты айырмашылығы жоқ. Бұл жерде аулаларды бақылап отыратын 10 оператор және жол жиегіне жауапты тағы 10 оператор жұмыс жасайды.
Әр операторда екі монитордан – бірінші монитормен көшені бақылап отырса, екіншісі монитор арқылы көргісі келген бейнені үлкейтіп қарай алады. Ал жол ережесін бұзу фактілерін «Сергек» камералары автоматты түрде түсіріп, Нұрсая ықшам ауданында орналасқан әкімшілік полицияға автоматты түрде жіберіп отырады. Ол жердегі 10 оператор түскен материалдарды тексеріп, электронды қолтаңба арқылы растайды. Осыдан кейін жүргізушіге «Қазпошта» арқылы хат немесе смс-хат келеді.
- Егерде айыппұлды 7 күнде төлесе, ол бұрынғыша 50 пайыз жеңілдікпен төлейді, - дейді облыстық Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ӘҚБтК-і бойынша көліктің жылдамдығын арттырғаны үшін әкімшілік айыппұл мөлшері (арттыру деңгейіне байланысты) 5АЕК (13 890 теңге), 10 АЕК (27 780 теңге), 20 АЕК (55 560 теңге); бағдаршамның қызыл түсті шамына өтіп кеткені үшін – 10 АЕК, жол белгілерінің талабын бұзғаны үшін – 3 МРП (8 334 теңге) қарастырылған.
- Егер жүргізуші «Сергек» камералары түсірген құқықбұзушылықпен келіспесе, прокуратураға немесе полицияға шағымдана алады. Арызы қаралып, оған өзінің құқықбұзушылығын көрсете де аламыз, - дейді Өтеғалиев.
Айта кету керек, егер көлікті тіркеген кезде ескі немесе басқа мекенжай көрсеткен болсаңыз, онда сіз айыппұл туралы кеш хабардар болып, 50 пайыз жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен қағыласыз. Сондай-ақ, осы камерадағы бейнежазбалар 1 ай уақыт сақталады. Олар құзырлы органдарға қолжетімді.
АЙЫППҰЛДАР ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕДІ
«Сергек» орталығына қайта оралайық. Осы орталықта отырған оператор қала көшелерінен қандай-да бір қылмысты немесе құқықбұзушылықты байқап қалса, осы орталықта отырған полиция қызметкеріне, ал ол өз кезегінде қалада жүрген әріптестеріне жедел түрде хабар береді. Қаншалықты жедел болатыны жуық арада белгілі болады.
Камералар – өте анық, қала көшелерін бірнеше есе үлкейтіп көрсете алады. Тіпті адамдардың бет-әтпеті анық көрінеді.
Осыдан бұрын облыс әкімдігінде 5 жыл жарым уақыт ішіндегі жасалған құқықбұзушылықтан түсетін айыппұл мөлшері шамамен 32 млрд теңге деп есептелген еді. Заңдылыққа сәйкес Жол жүру ережесін бұзғаны үшін төленетін айыппұлдың барлығы тікелей жергілікті бюджетке түседі. Осы орайда, жыл басынан бері Атырау облысында 57 993 жол жүру ережесін бұзған құқықбұзушылық тіркелді, оның 38 мыңы – облыс орталығында орын алған. Құқықбұзушыларға жалпы есеппен 448 млн теңге айыппұл салынды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор