Атырау, 24 желтоқсан 08:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Тоқаев Моңғолиядағы аласа бойлы жылқыларға тәнті болды

827 просмотра
24.kz видеосынан үзінді

Бүгін Астанада өтіп жатқан Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев моңғол халқының жылқыларына тәнті болып, Қазақстанда асыл тұқымды жылқылардың жоғалып бара жатқанына алаңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, осы күзде Тоқаев Моңғолия Республикасына ресми сапар жасаған болатын. Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер арасында жылқы шаруашылығы да сөз болған екен.

«Жуырда Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Ол жақта да өте маңызды келіссөздер болды. Моңғолия басшысымен бірге көптеген мәселені талқыладық. Екі көшпенді халықтың ұрпағы ретінде жылқы туралы да айттық. Моңғол жылқылары аласа болғанымен, өте төзімді әрі ұзаққа шабады екен. Біз «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мәлім», - деді Тоқаев.

Осылай деген президент Қазақстанда жылқы саны артып келе жатса да асыл тұқымды жануарлар азайып бара жатқанын айтып, алаңдады.

«Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн. Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз», - деді президент.

Осы бағыттағы мәселелерді түйіндей келе Тоқаев Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырып,  құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек екенін қадап айтты.

15 қараша, 16:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.