Карантинге байланысты Атырау облысының 4 мыңнан астам тұрғынына мүгедектік мерзімі автоматты түрде 3 айға екі мәрте ұзартылды.
- Мүгедектікті, жалпы және кәсіби еңбекке қабілеттілікті жоғалту дәрежесі, сонымен қатар, жеке оңалту бағдарламасын автоматты түрде ұзарту - қайта куәландыру мерзімі шектеу шаралары кезеңіне және осы жылдың 31 тамызына дейінгі кезеңге сәйкес келген азаматтарға қатысты. Бұл ретте жәрдемақы бұрын белгіленген мүгедектік тобына сәйкес төленеді, - дейді еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлсина ДОСЫМОВА. - Мүгедектік алғаш анықталған жағдайда eGov.kz порталында «Электрондық өтініштер» бөліміне сканерленген құжаттарды жалғап жіберу керек. 16 және 18 жасқа толған мүгедек балалар үшін сырттай қайта куәландыру қарастырылған.
Мұның бәрі азаматтарға коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту үшін жасалады.
Алғаш рет мүгедектік мерзім елде төтенше жағдай режимі енгізілген кезде автоматты түрде ұзартылды. Ол 2020 жылдың 15 ақпанында қайта куәландырудан өтуі тиіс жандардың барлығына қатысты болды. Енді бұл мерзім 31 тамызға дейін қолданылады. Ал әрі қарай әдеттегідей болады - мерзімі келген адамдар жылына бір рет мүгедектіктерін растау үшін қайта тексеруден өтуі керек.
Облысымызда жыл сайын 10 мыңнан астам адам медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтеді. Осы жыл басталғалы 4300 адамға мүгедектікті анықтау және әлеуметтік қорғау шараларын белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА