Атырау, 28 наурыз 20:53
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Коронавирустан шын мәнінде қанша адам қайтыс болды?

3 939 просмотра

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған адамдардың саны артып келеді. Одан бөлек пневмониядан көз жұмғандар қаншама. Олардан вирус табылмаса да, арнайы комиссиялар әрбір өлімнің себебін жан-жақты зерделейді. Себебі өкпенің қабынуы коронавирустың негізгі симптомы болып саналады. Дегенмен, бүгінде "белгісіз пневмониялар" да аз емес. Sputnik Қазақстан тілшісі коронавирустан қайтыс болған адамдардың тізімін зерделеп шықты.   

Бүгінде республикалық телеарналардың экранына шығатын коронавирустан қайтыс болғандардың ресми статистикасы апта сайын жаңартылып отырады. Жаңа министр келгенге дейін оны күнде жариялап тұратын. Өйткені арнайы комиссиялар өлім-жітімнің нақты себебін анықтап үлгермей жатыр. Республиканың түкпір-түкпірінен барлық мәліметті жинап, ортақ статистикаға күнде қосып отыру оңай емес. Оған қоса, маусым айында пневмониядан көз жұмған адамдардың саны күрт көбейді. Ал өкпенің қабынуы коронавирус инфекциясының негізгі симптомы болып саналады. Демек, бұның барлығын жан-жақты зерделеу керек. Содан "COVID-19" деген тажалдың кесірінен қайтыс болғандардың есебін апта сайын жариялауға шешім қабылданды. Жеті күндік статистикаға қарағанда коронавирус құрбандарының саны өсіп келеді.

Ал арнайы комиссиялар қандай өлім-жітімді зерделейді? Цойдың айтуынша, комиссия мүшелері сан алуан патологиядан қайтыс болғандардың сынамасын жан-жақты зерттейді. Әлбетте, пневмониядан көз жұмғандарға баса назар аударылады. Ресми статистикаға сәйкес, маусым айында ғана пневмониядан 628 науқас дүниеден өтті. Былтыр дәл осы уақытта өкпенің қабынуынан өлім-жітім көрсеткіші 274 адам болған. Демек, биыл бұл көрсеткіш 2,3 есе көп болып тұр.

Жалпы, маусымда пневмонияға шалдыққан 32 724 науқас тіркелген. Ал шілденің алғашқы аптасында, яғни 1-8 күндері аралығында 56 809 пациент (!) тіркеліп отыр.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында осы этилогиясы белгісіз, яғни аурудың себебі нақтыланбаған пневмония туралы сұраған болатын. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бір аптаның ішінде анықталған 56 809 жағдайдың ішінде 7 348-сы вирусты пневмония болса, 9 759 науқас бактериялық пневмониямен ауруханаға түскен. Ал 39 702 (!) науқастың пневмониясы нақтыланбаған және коронавирус инфекциясына көбірек ұқсайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы белгісіз пневмония коронавирус инфекциясының жаңа түрі болуы мүмкін деп отыр. Төтенше жағдайлар жөніндегі атқарушы директоры Майкл Райанның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ұйым қызметкерлері қазақстандық мамандармен бірлесіп, науқастардың рентген суреттерін зерделеп жатыр. Пациенттерден алынған тест-сынамалары да жан-жақты тексерілуде.   

"Қазақстанда тез таралып жатқан белгісіз пневмония коронавирус инфекциясының жаңа формасы болуы мүмкін. Оған дұрыс диагноз қойылмаған шығар. COVID-19 жұқтыру көрсеткішінің өсуі соған ұқсайды", - деді Райан Женевада өткен баспасөз мәслихатында.

Шыны керек, қазіргі пневмонияның қарқыны қатты. Одан кәсіби дәрігерлер де, тәжірибелі санитарлар да қорғана алмай отыр. Көз жұмғандарының көбісі сол "белгісіз" пневмонияға шалдыққан болуы мүмкін. Бұрынғы пневмония болса, ондай кәсіби мамандардың арасында өлім-жітім бұлай көбеймес еді.   

Жақында денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан жазылғандарды есептеу жағынан қателік кеткенін мәлімдеді. Техникалық ақаулыққа байланысты ресми статистика дұрыс жүргізілмеген. Сөйтсе, вирустан жазылғандардың саны 3 860 адамға аз болып шықты. Ал "белгісіз пневмония" коронавирустың жаңа формасы деп танылса, бүгінде өкпенің қабынуынан қайтыс болған жүздеген адамды COVID-19 құрбандарының қатарына өткізуге тура келеді.


13 шілде 2020, 14:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.