Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев цифрлық сала мен жасанды интеллектті дамыту мәселелеріне арналған бірнеше кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
БАӘ Министрлер кабинетінің бәсекеге қабілеттілік мәселелері жөніндегі орынбасары Абдулла Нассер Лутамен өткен келіссөздер барысында тараптар екі елдің салалық министрліктері арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін, экономиканың әртүрлі секторларындағы реттеуші зертханалар аясындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық трансформация және жасанды интеллект сияқты бағыттарда БАӘ-де оқыту бағдарламаларын талқылады.
Тараптар реттеуші зертханалар шеңберіндегі алғашқы бағыттардың бірі ретінде жасанды интеллект саласын таңдап, осы саланың реттеуі мен дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін реттеуші нормаларды әзірлеу туралы келісті.
Оқыту мәселесінде Қазақстан БАӘ Үкіметтік тәжірибе алмасу офисімен тығыз ынтымақтастық жасауда, осы ынтымақтастық аясында 800-ден астам мемлекеттік қызметкер тренингтер, семинарлар және алмасу бағдарламалары арқылы білім алды.
Сондай-ақ, цифрлық даму министрлігінің делегациясы БАӘ Мемлекеттік акселераторына барып, саларалық міндеттерді шешу үшін жобалық әдістерді қолдану, акселерациялық бағдарламалардың табысты кейстері және Қазақстанда осындай тәсілдерді енгізу мүмкіндіктерін талқылады.
Делегация қосымша БАӘ-дегі мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынатын Services 1 халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын зерттеді. Мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау, мемлекеттік органдарды рейтингтеу мәселелері талқыланып, екі елдің ХҚКО жұмысын жетілдіру әдістемелерімен алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.
БАӘ жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу бойынша қосымшалар жөніндегі мемлекеттік министрі Омар бин Сұлтан әл-Оламамен кездесу барысында тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.
Кездесу барысында компаниялардың сұраныстарына сәйкес технологиялық шешімдер әзірленетін Дубай болашақ зертханасы көрсетілді. Бұл зертхана нарықтың өзекті технологиялық міндеттерін шешу үшін техникалық құзыреттіліктерді арттыруға және нарықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазақ тарапына БАӘ зерттеу орталықтары мен компанияларының Қазақстандағы alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы аясындағы бастамаларға қосылуы ұсынылды. Министр әл-Олама 2025 жылы өтетін Digital Almaty 2025 форумына қатысуға және болашақ ынтымақтастық мәселелерін талқылауға шақырылды.